12-қараша күні Түркия чемпионаты аясында өткен «Бешикташ» пен «Истамбул» арасындағы кездесуде Зайнутдиновке қарсылас команданың қорғаушысы Джером Опокудың шынтағы тиіп, 41-минутта алаңнан кетуге мәжбүр болды.
Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі Бахтиёр Зайнутдиновтың «Бешикташ» сапында жарақат алған жағдайына қатысты мәлімдеме жасады.
«Бахтиёр «Бешикташ» — «Истамбул Башакшехир» матчында ауыр жарақат алды. Оның ұлттық құраманың алдағы матчтарына қатысуы екіталай. Бахтиёрдың жарақатының қаншалықты ауыр екенін нақты айта алмаймыз. Дәрігерлер қорытынды жасайды. Жақында футболшымыздың жағдайы туралы хабарлаймыз. Оның тезірек сауығып кетуін тілейміз!», — деп хабарлады ҚФФ баспасөз қызметі.
Ал бүгін Бахтиёрге нақты қандай диагноз қойылғаны белгілі болды. Оған мұрын және жақ сүйегінің сынды деген диагноз қойылды. Қазақстандық футболшыға редукция, яғни мұрнына арнайы операция жасалды. «Бешикташ» ойыншының қалпына келу кезеңін жарияламады. Бірақ он күннен астам уақыт екені анық.
Зайнутдинов Джером Опуку неге екінші сары алмағанын түсінбейді. «Бешикташ» та «Пікір жоқ» деген жазумен сурет жариялады. Ал бапкер Рыза Чалымбай төрешіден неліктен Опуку сары қағаз алмағанын сұрағанда, «Ештеңе болған жоқ, тәртіп бұзушылық болған жоқ» деп жауап берді.
Естеріңізге сала кетейік, қараша айында Қазақстан құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында екі финалдық ойын өткізеді. 17 қараша күні Магомед Адиев шәкірттері Астанада Сан-Марино командасын қабылдайды. 20 қарашада Қазақстан құрамасы Люблянада Словенияға қарсы ойнайды. Өкінішке қарай Зайнутдинов аталмыш матчтарға қатыса алмайтын болды. Оның орнына қай футболшының шақырту алғаны әзірге белгісіз.