Қазақстан жасөспірімдер олимпиадасының үшінші күнінен кейін үздік 10 команданың қатарына енді.
Оңтүстік Кореяда жасөспірімдер арасындағы IV қысқы Олимпиада ойындары жалғасуда. Жарыстың үшінші күнінен кейін қазақстандық жас спортшылар медальдар саны бойынша жалпыкомандалық есепте тоғызыншы орында келеді. Аталмыш жарыстың ресми сайтының хабарлауынша, Қазақстан жастар құрамасы Илья Мизерныхтың тарихи «алтыны» мен Полина Омельчуктың «қоласының» арқасында қазір әлемнің үздік командалары арасында тоғызыншы орында тұр. Біздің спортшылар, әрине, жаһандық жарыстардың жеңімпаздары тізіміне ілінетін болса, алдағы күндері медальдық есепте көрсеткіштерін жақсарта алады.
Жасөспірімдер арасындағы 2024 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының алғашқы жарыс күндерінің қорытындысы бойынша медальдық есепте көшбасшылар қатарында медальдар саны бірдей: төрт алтын, екі күміс және екі қола бар Германия мен Италияның өкілдері тұр. Үшінші орында төрт алтын, екі күміс және бір қола медальға ие болған Францияның жас спортшылары тұрақтады.
Айта кетейік, бүгін Илья Мизерных алтыннан алқа тағынып, елге оралды. Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өткен жасөспірімдер Олимпиадасында шаңғымен секіруден жеңімпаз атанған спортшыны әуежайда жанкүйерлері мен отбасы жылы қарсы алды.
Сондай-ақ бүгін Канвондағы жасөспірімдер Олимпиадасында тау шаңғысынан қос комбинация бойынша жарыс аяқталды. Спортшылар супер гигант пен слалом бойынша сынға түсіп, қазақстандық Александра Скороходова оныншы сатыдан көрінді. Бұл бәсекедегі жүлделер жиынтығын Австрия, Италия және Дания спортшылары өзара бөліскен.
14 пен 17 жас аралығындағы 70 елдің спортшылары қатысып жатқан жасөспірімдер арасындағы IV қысқы Олимпиада ойындары 1 ақпанға дейін жалғасады.