Токиода Жапония мен Қазақстан құрамалары арасындағы командалық әлем чемпионатының іріктеу матчының жеребе тарту рәсімі өтті.
Алғашқы матчта Анна Данилина мен әлемнің 79 ракеткасы Нао Хибино сынға түседі. Бұл жұп жұма күні, 12 сәуірде Қазақстан уақыты бойынша сағат 10:00-де кортқа шығады. Бірінші кездесу аяқталысымен Юлия Путинцева мен оның қарсыласы, төрт «Үлкен дулыға» турнирінің жеңімпазы Наоми Осака өзара мықтыны анықтайды.
13 сәуірге жоспарланған матчтар: Юлия Путинцева — Нао Хибино, Анна Данилина — Наоми Осака және жұптық ойын Анна Данилина / Жібек Құламбаева — Шуко Аояма/Эна Шибахара. Ойындар сенбі күні Қазақстан уақыты бойынша сағат 9:00-де басталады.
Естеріңізге сала кетейік, команда капитандары ойын басталғанға дейін бір сағаттан кешіктірмей ойыншыны ауыстыруға құқылы.
Ал Зарина Дияс алғашқы жарыс күні алаңға шықпайтын болды. Осы орайда Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев Зарина Диястың Жапонияға қарсы Билли Джин Кинг кубогының іріктеу кезеңінің бірінші күнінде неліктен алаңға шыға алмайтынын түсіндірді.
«Өздеріңіз білесіздер, Зарина жарақатына байланысты екі жылдай алаңға шықпады. Бұл әлі де оған кортта жүз пайыз барын салуға кедергі жасайды. Соған қарамастан Зарина жарыс басталуға он күн қалғанда Токиоға арнайы келіп, жаттығып, қызу жұмыс жасады. Ұлттық құрамадағы ойындар ол үшін әрқашан ерекше болды. Өздеріңіз білетіндей, команда капитандары әр ойын басталғанға дейін бір сағаттан кешіктірмей ойыншыны ауыстыруға құқылы. Сондықтан көреміз!», — деді Досқараев.
Сондай-ақ аталмыш жарысқа еліміздің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина қатыса алмайды. Себебі ол Парижде өтетін Олимпиада ойындарына дайындық жұмыстарын жүргізеді.