Бүгін Астанада спарингтік жарыстың соңғы күні өтті.
Елордада өтіп жатқан спаррингтік іріктеу бәсекесінің 63,5 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз анықталды. Финалда түркістандық Мұхаммедсабыр Базарбайұлы мен жамбылдық Дулат Бекбауов кездескен. Бұл бұған дейін 67 келіде өнер көрсеткен Дулат үшін жаңа салмақтағы екінші жекпе-жек болатын. Ал Мұхаммедсабыр осы салмақта өткен жылы Қазақстан Спартакиадасын жеңген. Үш раундтың қорытындысы бойынша, төрешілердің басым дауысымен Мұхамедсабыр Базарбайұлы жеңіске жетті.
Ең көп боксшы жинақталған 54 келіде жастар арасындағы әлем чемпионы Ұлжан Сәрсенбек топ жарды. Финалдық жекпе-жекте Ұлжан төрешілердің бірауыз шешімімен Сымбат Әлиасқардан басым түсті. Айта кетейік, бұған дейін Ұлжан Сәрсенбек 57 келіде жастар арасында әлем және Азия чемпионатында жеңіске жеткен еді.
іріктеу бәсекесінің әйелдер арасындағы айқасында 66 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз анықталды. Финалда Солтүстік Қазақстан облысының өкілі Наталья Богданова мен қарағандылық Жасмин Қизатова кездескен. Үш раундтың қорытындысы бойынша, төрешілер шешімімен Богданова жеңіске жетті.
Спаррингтік жекпе-жектің соңғы кездесуінде 75 келі салмақта тәжірибелі Валентина Хальзова 22 жасқа дейінгі Азия чемпионы Гүлсая Ержанқызын жеңді. Бұған дейін Валентина Хальзова 2023 жылы Ханчжоудағы Азия ойындары мен Бусто-Арсицио қаласындағы әлемдік іріктеуге қатысып, бір қадам қалғанда сүрінген болатын.