Сауд Арабиялық «Аль-Наср» футбол командасы Криштиану Роналдудың ұлымен келісім-шартқа отырды, — деп хабарлайды Ar-Riyadiyah басылымы.
13 жастағы кіші Криштиану Роналду «Аль-Насрдың» 13 жасқа, 15 жасқа дейінгі жастар командаларында ойнайды және әкесі сияқты 7 нөмірмен өнер көрсетеді. Ол «Әл-Наср» сапында 13 жасқа дейінгі санаттағы алғашқы ойынын 20 қазанда, яғни бүгін өткізеді деп күтілуде. Бұған дейін кіші Роналду футболдық мансабын испаниялық «Позуэло» клубында бастап, екі жыл ішінде 55 гол соққан болатын. Содан кейін ол әкесімен бірге Туриннің «Ювентусына» ауысты. Бұл клубта ол 28 матч өткізіп, 58 гол соғып, 18 нәтижелі пас берді. Жас футболшының соңғы клубы ағылшындық «Манчестер Юнайтед» командасы болатын.
Айта кетейік, қыркүйек айында Халықаралық футбол тарихы мен статистикасы федерациясы (IFFHS) мәлім еткендей, жұлдызды шабуылшы әлемдік рекорд орнатты. Сауд Арабиясы чемпионатының төртінші турындағы «Аль-Шабаб» клубына қарсы ойында Роналду ұлттық лигалардағы 516-шы және 517-ші голды соғып, дубль жасады. Осылайша, португалдық ұлттық лигалардағы голдары бойынша әлемдік футбол тарихындағы үздік бомбардир атанды. Криштиану рекордты ұзақ уақыт сақтап қалған Йозеф Бицан мен Ференц Пушкашты басып озды (әрқайсысы 515 гол). IIFHS рейтингте аймақтық лигалардағы ойыншылардың соққан голдары ескерілмейтінін, тек ұлттық чемпионаттар қарастырылатынын хабарлады. Сондықтан Пеле, Ромарио және басқа да атақты бомбардирлер тізімде жоқ.
Футбол тарихында тек үш ойыншы ғана 500 гол көрсеткішіне жетті (Пушкаш, Бицан және Роналду). Роналду «Аль-Наср» сапында 2023 жылдың қаңтарынан бері ойнап келеді. Оның аталмыш клубпен келісім-шарты 2025 жылға дейін. Криштиану сауд арабиялық клуб сапында 20 ойынға қатысып, 14 гол соғып, 2 нәтижелі пас берді.