Қазақстан чемпионатының 25-туры аясындағы ойында «Шахтерді» 3:1 есебімен жеңген шымкенттік «Ордабасы» 2023 жылғы маусымның қорытындысы бойынша ел чемпионы атанды.
Бірінші таймның өзінде-ақ Александр Седнев шәкірттері үш гол соқты. Айбар Жақсылықов, Шохбоз Умаров және Артем Беседин нәтижелі ойын өрнегін көрсетті. Екінші таймда «Шахтер» Тимур Чогадзенің күшімен бір гол соғып, есеп айырмасын қысқартты. Бірақ, содан кейін таблодағы көрсеткіште өзгеріс болмады. Нәтижесінде 58 ұпай жинаған «Ордабасы» «Астанадан» алты ұпайға алға озып, клуб тарихындағы алғашқы чемпиондық атағын жеңіп алды.
Бір қызығы, 2020 жылдан бастап Қазақстан чемпионатында чемпион команда маусым сайын ауысып отырады. «Ордабасыға» дейін «Астана» (2022), «Тобыл» (2021) және «Қайрат» (2020) чемпионат жеңімпаздары атанды. Қазақстан чемпионатындағы титулдар саны бойынша рекордшы «Астана». Елордалық клуб бұл атақты жеті рет жеңіп алған.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасының және «Ордабасы» командасының жартылай қорғаушысы әрі капитаны Асхат Тағыберген бүгінгі «Шахтерге» қарсы ойында ауыр жарақат алып, аяғы сынған. Мұндай жарақаттың қалпына келуі үшін шамамен алты аптадай уақыт қажет. Өкінішке қарай Асхат «Ордабасы» қатысатын Қазақстан кубогының финалына ғана емес, Қазақстан құрамасының Еуро-2024 іріктеу кезеңіндегі Сан-Марино мен Словенияға қарсы қарашада өтетін матчтарына да қатыспауы мүмкін.