Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Ярослава Шведова команданың Билли Джин Кинг кубогының финалына дайындығы туралы пікір білдірді. Қазақстан құрамасы өз тарихында екінші рет әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионатының финалдық кезеңінде өнер көрсетеді.
«Команданың міндеті – былтырғыдан жақсырақ өнер көрсету. Яғни жартылай финалға шығып, жеңіске жету. Әрбір команда әлем чемпионатына кубокты ұтып алу мақсатымен келеді. Біздің де мақсатымыз сол. Не болатынын алдын ала ешқашан білмейміз. Ал командалық жарыстарда барлығын болжау мүмкін емес.
Топтағы қарсыластарға келер болсақ, Аустралия өткен жылғы Билли Джин Кинг кубогының финалисті және әлем чемпионатының жеті дүркін жеңімпазы. Аустралиялықтардың құрамы біркелкі ие. Олар әрқашан кез келген жарыстың фавориттері. Словения жас, өршіл команда. Олардың рейтингі бізден төмен. Бірақ олар да соңына дейін күресіп, топтан шығуға тырысады деп ойлаймын. Елена Рыбакина қазір Мексикада — WTA жылдың финалдық турниріне дайындалуда және турнир аяқталғаннан кейін Севильяда команда сапына қосылады. Юлия Путинцева, Анна Данилина, Жібек Құламбаева және Аружан Сағындықова қазір Билли Джин Кинг кубогына қызу дайындалуда.
Егер бәрі жоспарға сай болса, онда 3 қарашада Севильяда жалпы оқу-жаттығу жиынын өткіземіз. Мен өз командама сенемін. Біз биік белестерді бағындырып, Қазақстанның теннис шежіресіне тағы бір тарихи жеңісті жаза аламыз. Сондай-ақ Севильядағы трибуналарда жанкүйерлеріміздің және теледидар экрандарының алдында барша қазақстандықтардың қолдауын күтеміз. Бірге — біз күшпіз!» – деп атап өтті Шведова.
2023 жылғы Билли Джин Кинг кубогының финалы 7-12 қараша аралығында Севильяда (Испания) өтеді. Әлем чемпионатына Қазақстаннан басқа тағы 11 команда қатысады: Швейцария (2022 жылғы Билли Джин Кинг кубогының жеңімпазы), Аустралия, Франция, Канада, Чехия, Италия, АҚШ, Испания, Словения, Германия және Польша (уайлд-кард иегері).