Турнирдің жалпы жүлде қоры 9 млн долларды құрайды.
Қазақстанның үздік теннисшісі Елена Рыбакинаның дебюттік WTA финалдық чемпионатының топтық кезеңіндегі қарсыластары белгілі болды. Жарыс Канкун қаласында (Мексика) 29 қазан мен 5 қараша аралығында өтеді. Бакалар тобында Арина Соболенко (№1), Елена Рыбакина (№4), Джессика Пегула (№5), Мария Саккари (№9) өнер көрсетеді. Четумаль тобында Ига Швентек (№2), Коко Гауфф (№3), Маркета Вондроушева (№6), Онс Жабер (№7) сынға түседі.
Енді 24 жастағы Рыбакина өз тобындағы қарсыластарының әрқайсысымен кездесуі керек. Жеке кездесулерде ол Соболенкодан — 2:4 (2:1 — биыл) есебімен жеңілсе, Саккаримен ешқашан кездеспеген. Әр квартеттен екі үздік теннисші жарыстың жартылай финалына өтеді. Жергілікті уақыт бойынша 29 қазанда (30 қазан күні таңертең) Рыбакина WTA рейтингіндегі өзінің ең жақын бәсекелесі америкалық Джессика Пегуламен сынға түседі. Қазіргі уақытта спортшылар арасындағы жеке кездесулердегі есеп Пегуланың пайдасына 2-1.
WTA финалдық чемпионаты биыл 52-мәрте ұйымдастырылуда және бұрын-соңды Қазақстан өкілдері аталмыш турнирде өнер көрсетпеген. Бұл жай ғана мәртебе емес, сонымен қатар рейтингтік ұпайлар мен қомақты ақшалай сыйлық алудың жақсы мүмкіндігі.
Айта кетейік, бұл Рыбакинаның биылғы WTA аясындағы соңғы турнирі болмақ. Алайда финалдық чемпионаттан кейін ол Қазақстан құрамасы сапында Билли Джин Кинг кубогының финалдық бөлігінде де өнер көрсетеді. Турнир 7-12 қараша аралығында Севильяда (Испания) өтеді.