Халықаралық теннис агенттігі (ITIA) Қазақстан, Өзбекстан және Израильдің спортшыларын келісілген матчтар өткізгендері үшін жарыстан шеттеткен.
Қазақстандық Тимур Хабибулин 2014-2019 жылдар аралығында тіркелген келісілген матчтарға байланысты 21 айып бойынша кінәлі деп танылды. Ол өмір бойы теннистен шеттетіліп, 60 мың доллар айыппұл төлеуге міндеттелді. Ал оның бүкіл спорттық мансабындағы табысы — шамамен 80 000 долларды құрайды.
28 жастағы Хабибулин Ташкентте дүниеге келген. Қазақстанға 13 жасында қоныс аударған. ATP рейтингіндегі ең жақсы позициясы 2016 жылы 753-орын. Ал спорттық мансабындағы ең жақсы жетістік жұптық сайыста үш Челленджерді (Астана, Алматы, Қарши) жеңген. 2019 жылы Хабибулин Дэвис кубогында Қазақстан құрамасы сапында жұптық сайыста өнер көрсетті.
Ал Өзбекстан өкілі Санжар Файзиевке келісілген матчтар бойынша бес айып тағылып, кінәлі екені мәлім болды. Ол 3,5 жылға дисквалификацияланып, 15 мың доллар айыппұл арқалады.
Израильдік Игорь Смиланский 4 мың доллар айыппұл төлеп, екі жылға спорттан шеттетілді. Ол келісілген матчтар бойынша үш айып бойынша кінәлі деп танылды.
Санкциялар 2023 жылдың 25 шілдесінен бастап, спортшылар жарыстан уақытша шеттетілген күннен бастап күшіне енді. Енді теннисшілерге теннис ойнауға, бапкерлік қызмет атқаруға, сондай-ақ теннис жарыстарына келуге тыйым салынады.