Қазақстан футболының 110 жылдығына орай, сондай-ақ бай тарихты сақтау және отандық футболды насихаттау мақсатында Астанада Қазақстан футболының музейі ашылды.
Іс-шараға «Астана» футбол орталығының тәрбиеленушілері, Қазақ футболының ардагерлері, отандық футбол клубтарының жетекшілері, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев, сондай-ақ ұлттық құрама ойыншылары Бауыржан Исламхан мен Ян Вороговский қатысты. Музейді құруға атсалысқан ұжым 1913 жылы Семейде бастау алған Қазақстан футболының тарихын жаңғырту үшін еліміздің түкпір-түкпірінен жәдігерлер, деректер және ақпарат жинау жұмыстарын жүргізді.
Осы оқиғаға орай Қазақстан футбол федерациясына ФИФА және УЕФА-дан құттықтау хаттары келіп түсті. Айтулы оқиғамен алғашқылардың бірі болып ФИФА президенті Джанни Инфантино құттықтады.
«Бірнеше ай бұрын мен сіздердің әдемі елдеріңізге барып, Қазақстанда футболға деген керемет құштарлық пен сүйіспеншілікті өз көзіммен көру мүмкіндігіне ие болдым. Музей елдегі футболдың 110 жылдық тарихына, істерге, тұлғаларға, сондай-ақ спортымызды дамытып жатқан барлық адамдарға құрмет көрсетуге өз үлесін қосатыны сөзсіз», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар УЕФА президенті Александер Чеферин де құттықтау хатын жолдады.
«Қазақстан футбол федерациясын музейдің ресми ашылуымен құттықтағым келеді. Осындай маңызды оқиғалар ұлттық қауымдастықтың дұрыс бағытта дамып, УЕФА-ға мүше қауымдастықтар арасында беделге ие болғанының дәлелі болды. Сіздердің УЕФА клубтық жарыстарына қатысуларыңыз және ұлттық құраманың жетістіктері қауымдастықтың барлық деңгейдегі прогрессін көрсетеді, ал алдағы уақытта еуропалық футболда одан әрі толық бәсекеге түсуге мүмкіндіктеріңіз бар. ҚФФ-ға табыс тілеймін, өйткені сіздер бұл дәрежеге жету үшін ұзақ жолдан өттіңіздер және қазіргі табыстарыңыз – футболмен өмір сүретін және футболды жақсы көретіндерге арналған», — деді Александер Чеферин.
Музейде Қазақстан футболының тарихы, оның ішінде аты аңызға айналған ойыншылардың жетістіктері мен еліміздегі футболдың дамуындағы маңызды сәттері көрсетіледі.