4 қараша күні «Астана Арена» стадионында шымкенттік «Ордабасы» мен қостанайлық «Тобыл» арасында Қазақстан кубогі аясында финалдық матч өтті.
Тартысты бәсекеде қостанайлық команда жеңіске жетті. 68-минутта жалғыз гол соғылды. Гол авторы Ислам Чесноков. Милич Чурчичтің шәкірттері, Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанған «Ордабасы» футбол клубы Еурокубоктарда өнер көрсетеді.
Кубок иегерлерін Қазақстан кәсіби футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибян құттықтады.
«Тобылды финалдағы лайықты жеңісімен құттықтаймын. Футбол мерекесін сыйлағаны үшін және әдемі ойыны үшін командаларға рахмет! Ең бастысы, бүгін жанкүйерлерімізге үлкен рахмет айтқым келеді! Сіздердің арқаларыңызда Қазақстанда футболға деген қызығушылық дамуда. Сіздердің шынайы қолдауларыңыз біздің командалар мен ойыншылар үшін басты сыйлық. Сіздерге Рахмет!», — деді Гарибиян.
Финалдық ойынды тамашалау үшін стадионда 10 мыңнан астам жанкүйер жиналды. Олар өздерінің сүйікті командаларына тамаша қолдау көрсетті. Әдемі ойын, тартысты сәттер мен жанкүйерлер стадионда ерекше атмосфера жасады. Осы жетістігінің арқасында «Тобыл» Еуропа лигасының іріктеу кезеңінде өнер көрсетеді. Ал «Ордабасы» жеңілгеніне қарамастан келесі жылы Чемпиондар лигасында дебют жасайды (бірінші іріктеу кезеңінен бастайды).