Бұрынғы кәсіпқой шабандоз, Astana Qazaqstan Team командасымен соңғы «Тур де Франс» жарысында спринт бойынша кеңесші ретінде жұмыс жасаған аустралиялық Марк Реншоу (40 жаста) 2024 жылғы маусымда қазақстандық жобаға спорт директоры ретінде қосылады.
«Мен 2024 жылғы жаңа маусымда Astana Qazaqstan Team командасының спорт директоры болатыныма өте қуаныштымын. «Тур де Франста» астаналық шабандоздармен және қызметкерлермен бірге жұмыс істеген уақыттан кейін кәсіби велоспорт туралы әлі де бөлісетін білімім бар екенін түсіндім. Менің отбасым мені велоспорттың элитасына қайта оралуымды қолдайды және дарынды шабандоздарға кәсіби күнтізбедегі ең жақсы жарыстарда жеңіске жетуге көмектесе аламын деп ойлаймын. Командамен тәжірибеммен бөлісуге мүмкіндік бергені үшін Александр Винокуровқа алғыс айтқым келеді. Алдымызда 2024 жылы жалынды мақсаттар бар және сол мақсаттарға жету үшін командамен жұмыс істеуді асыға күтемін», — деді Марк Реншоу.
Айта кетейік, Марк «Тур де Франста» қазақстандық командаға спринт бойынша көп көмегін тигізді.
««Тур де Франс» кезінде Марк Реншоумен тәжірибеміз сәтті өтті. Оның көмегі мен кеңесі спринтке қатысты ғана емес, жалпы жарыс стратегиясын әзірлеу үшін де пайдалы болды. Турдан кейін біз қарым-қатынасымызды жалғастырдық, жарыстарды өткізу және оларға дайындық арқылы команданың дамуы туралы көзқарастар бірдей болып шықты. Сондықтан, велоспортқа жаңа, заманауи көзқарасы бар жас спорт директорын шақыру біздің дамуымызды жалғастыруға көмектеседі деп сенемін», — деді Astana Qazaqstan Team бас менеджері Александр Винокуров.