Қазақстанның 16 жасқа дейінгі теннисшілер арасында қыздар құрамасы Испанияның Кордова қаласында өткен Billie Jean King Juniors Finals турнирінің қорытындысы бойынша үздік ондыққа кірді.
Бұл 16 жасқа дейінгілер арасындағы қыздар үшін алғашқы командалық әлем чемпионаты еді. Қазақстандықтар алдымен В тобында үшінші орынға ие болды. Бастапқы матчта Аргентина құрамасын 2:1 есебімен ұтқанымен, Бразилия мен Ұлыбританияға жол берді.
Қосымша жарыста Қазақстан құрамасы Алжирді айқын басымдылықпен тізе бүктірді – 3:0. Содан кейін Колумбия мен Латвияны 2:1 есебімен жеңді. Осылайша, Марат Шәріповтің шәкірттері әлемнің үздік 16 командасының арасынан 9-орынға табан тіреді. Дүниежүзілік додада ел намысын Полина Слепцова, Анастасия Крымкова және Іңкәр Дүйсебай қорғады. Команда капитаны Марат Шәріпов.
Айта кетейік, әлем чемпионатының финалдық кезеңінде ересектер арасында да Қазақстан құрамасы да өнер көрсетті. Дегенмен, отандастарымыз Аустралияға есе жіберіп (1:2), Словенияны (2:1) жеңген болатын. Өкінішке қарай WTA финалдық турнирінен кейін жарақатына байланысты Елена Рыбакина Қазақстан құрамасына көмектесе алмады. Жеңіске жеткен және жеңілген ойындардың жалпы нәтижесі бойынша жартылай финалға Словения құрамасы шықты.