Бокстан Астана қаласында өтіп жатқан VI жазғы Спартакиада ойындарының кезекті жарыс күні мәресіне жетті. Бүгін 63,5, 67, 80, 92, +92 келі салмақтағы спортшылар өз бәсекелерін өткізді.
63,5 келі салмақта бірінші нөмірлі боксшы саналған, Қазақстан чемпионы Санатәлі Төлтаев кәсіпқой бокстан қыркүйек айында келген 28 жастағы Жандос Қыдыралиевке 3 раундта да еш қарсылық көрсете алмай, жарысты аяқтады.
«Қыркүйек айында Шоқыр Бөлтекұлын еске алу турнирінде 71 келіде өнер көрсетіп, өзімді өте жақсы сезіндім. Алайда Ертуған Зейнуллинов лицензия алмаған соң, қайта Олимпиадаға баруды жоспарладым. Салмақты көп қуатыным бұл айқасқа да өз кедергісін келтірді. Қарсыласыммен де алғашқы рет жолықтым. Дегенмен, әлі Париж Олимпиадасына деген үмітім зор» — деп, Санатәлі Төлтаев өз пікірін білдірді.
Ал 57 келі салмақта әлем чемпионатының күміс жүлдесін алған Серік Теміржанов жаңа 63,5 келі салмақта өзінің жақсы қырын көрсетіп, Жамбыл спортшысы Алмас Дүйсенқұлдан айласын асырды. Сондай-ақ, тағы бір ел чемпионы Василий Самчук та алғашқы айналымнан өте алмады.
Әлем чемпионатынан кейін ресми жарысқа қатыспаған Дулат Бекбауов та аралас жекпе-жекте бақ сынайтын Дастан Бекенге мүмкіндік бермеді.
Ең тартысты 80 келі салмақта кәсіпқой бокстан оралған әлем чемпионы Бекзад Нұрдаулетов пен әлем чемпионатының қола жүлдегері Тұрсынбай Құлахмет қарсыластарынан басым түсті. Ертең 48, 54, 60, 67, 75, 86, +92 келі салмақта ширек финалдық жекпе-жектер өтеді. 2024 жылғы Олимпиада ойындарының лицензиялық турнирлеріне қатысатын ұлттық құраманың құрамы Спартакиада нәтижелеріне байланысты болмақ.