Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Сан-Мариномен өтетін ойынға қатысты өз пікірімен бөлісті.
«Команданың көңіл-күйі жақсы. Біз өткізген жаттығу күндері позитивті өтті. Алдағы матчтардың және Еуро жолдамасы үшін күрестің жалғасуының маңыздылығын түсінеміз. Біздің команда мен еліміздің бір ғана тілегі бар – жеңіс. Әрине, біз сары қағаздар туралы ойлаймыз, мұны есте ұстауымыз керек. Ертең белгілі бір түзетулерді көресіздер. Дегенмен, біз Сан-Марино командасына көбірек құрметпен қарауымыз керек. Ұлттық құрама қалай болғанда да классикалық құрамда шықпайды. Өйткені бізде кадр мәселесі бар. Өкінішке қарай, Зайнутдинов жарақат алды. Негізінде, бұл позицияда басқа ойыншымен ойнаудың нұсқалары қарастырылған, сондықтан біз жоспарды қатты өзгертпейміз.
Кіріспе оқу-жаттығу жиынына келген футболшылар болды. Жас ойыншылар көп, Асранқұлов та тағы бір қорғаушы. Бірақ біз Русланды қалдырдық. Дегенмен оның визасы жоқ, сондықтан ол бізбен бірге Словенияға бармайды. Бірақ ол үшін командаға жақынырақ болу үшін, сондай-ақ бабын жинау үшін бізбен бірге болғаны маңызды болды. Біз қазірдің өзінде оны ертеңге күнге дайындап жатырмыз.
Әрине, ұлттық құраманың ойынында эксперименттер болмайтынын түсіну керек. Мен тәуекелді азайтамын, өйткені жауапкершілік үлкен, бүкіл ел ұлттық құраманың ойынын тамашалайды. Мен өзіме сенімді қадамдарды жасаймын. Ертеңгі кездесу де дәл сондай болады», — деді ұлттық құраманың бас бапкері.
Сондай-ақ Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Игорь Шацкий Еуро-2024 іріктеу кезеңі аясында Сан-Мариномен болатын ойын жайлы пікірін білдірді.
«Біз белгілі бір ойыншыға тәуелді емеспіз. Иә, ертеңгі ойын көшбасшы жігіттерсіз қиын болары анық. Бірақ біз бір ұжымбыз. Осы сәтті біз ұзақ күттік. Екі маңызды финал қалды. Сол кездесулерде өзімізді барынша көрсетуіміз керек. Неге мен ұлттық құрамада клубқа қарағанда жақсы ойнаймын? Бабымбы өзім бағалай алмаймын. Бәлкім, бұл клубтың тұрақсыздығынан шығар. Ал ұлттық құрамада мен командаластарымның және жаттықтырушылардың қолдауы мен сенімін сезінемін», — дейді Шацкий.
Ал Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы Абзал Бейсебеков ертеңгі ойында гол соғуға ниетті.
«Ертеңгі ойында гол соғуға тырысамын. Жеке мен ғана емес, бүкіл команда болып Сан-Мариноға қарсы жеңіске жетеміз деп үміттенемін. 15 ұпай – бұл ұжымның арқасы, сонымен қатар Әділет Назарбайұлы мен Магомед Мұсаұлының арқасы деп ойлаймын», — деді Абзал Бейсебеков сұхбат барысында.
Н тобындағы кездесу 17 қарашада «Астана Аренада» өтеді және жергілікті уақыт бойынша сағат 21:00-де басталады. Магомед Адиев шәкірттері ағымдағы іріктеу кезеңін 20 қарашада Словенияға қарсы өткізетін матчпен аяқтайды.