Астанада өткен бокстан ерлер арасындағы VI жазғы Спартакиада ойындары өз мәресіне жетіп, ұлттық құрама қайта жасақталды.
Бір аптаға жалғасқан байрақты бәсекеде отандық боксшылар 13 салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, өзара мықтыны анықтады. Турнир қорытындысы бойынша Теміртас Жүсіпов (48 келі), Сәкен Бибосынов (51 келі), Нұрсұлтан Алтынбек (54 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Бейбарыс Жексен (60 келі), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63 келі), Дулат Бекбауов (67 келі) Талғат Шайкен (71 келі), Диас Молжігітов (75 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі), Темірлан Мұқатаев (86 келі), Айбек Оралбай (92 келі) және Дамир Тойбай (+92 келі) чемпион атанды.
Жарыстың соңғы күніндегі финалдық жекпе-жектер өте тартысты өтті. Елорда шаршы алаңында еліміздің ең үздік боксшылары мен әр жылдардағы 6 әлем чемпионы қолғап түйістіріп, жанкүйерлерге өз шеберлігін паш етті. Турнир қорытындысы бойынша әр салмақ дәрежесінде еліміздің бірінші нөмірлі боксшылары анықталып, ұлттық құрама жаңадан жасақталады.
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Жарыстың финалдық жекпе-жектерін тамашалап, жеңімпаз боксшылар мен жүлдегерлерді марапаттады.
«Бокстан елордада ұйымдастырылған республикалық спартакиада бәсекесі аяқталды. Жарыстың соңғы күніндегі финалдық жекпе-жектер көпшілік күткендей өте тартысты өтті. Елорда шаршы алаңында еліміздің ең үздік боксшылары мен әр жылдардағы 6 әлем чемпионы қолғап түйістіріп, жанкүйерлерге өз шеберлігін паш етті. Жарыс барысында төрешілер әділ жұмыс істегенін, ал ел спартакиадасы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өткен жөн. Апта бойы боксшыларға қолдау білдіріп, жарысты тамашалаған елорда тұрғындары мен қонақтарына ерекше алғысымды білдіргім келеді. Олар сүйікті боксшыларына соңына дейін болысып, спорт кешенін нағыз бокс думанына бөледі», деп атап өтті Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Спартакиада төрт жылда бір ұйымдастырылады. Аталмыш жарыста топ жарған былғары қолғап шеберлері келесі жылға жоспарланған халықаралық жарыстар мен Олимпиада ойындарына лицензия беретін турнирлерге қатысады.
Қазіргі таңда бокстан Қазақстан ұлттық құрамасында Париж Олимпиадасының екі жолдамасы бар. Аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев пен қыздар арасындағы Карина Ибрагимова жуырда ғана Қытайда өткен Азия ойындарында лицензияға ие болған еді.