Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Еуро-2024 іріктеу кезеңіндегі финалдық ойынын өткізді. H тобының оныншы турында Магомед Адиев шәкірттері Люблянада Словения құрамасымен кездесті. Кездесу 2:1 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды.
Бірінші таймда алаң иелері басымдыққа ие болғанымен, Қазақстан құрамасы қауіпті сәттер ұйымдастыра білді. Ислам Чесноковтың Ян Облак қорғайтын қақпаға дәл соққысын ерекше атап өткен жөн. Алайда қақпашы допты тосып үлгерді. Қазақстан құрамасының капитаны Абзал Бейсебековтің соққысына да «Атлетико» қақпашысы төтеп берді.
Матчтағы есепті 41-минутта словениялықтар ашты. Бұл эпизодтың алдында Ян Вороговский өз айып алаңында Петар Стояновичке қарсы ереже бұзды. Поляк төрешісі Шимон Марчиняк VAR-ды тексергеннен кейін пенальти белгілеп, Беньямин Шешко гол соқты.
Екінші таймның ашылуында қазақстандықтар словениялық «Копер» ойыншысы Рамазан Оразовтың арқасында есепті теңестірді — 1:1. Алайда 86-минутта Бенджамин Вербич өз командасына жеңіс сыйлады. Осылайша словениялықтар Еуропа чемпионатына тікелей жолдама алды. Ал Қазақстан құрамасы келесі жылы Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінде құрлық біріншілігіне жолдама алу үшін тағы да бағын сынап көреді.
Айта кетейік, 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінің соңғы кезеңі аясындағы Словения – Қазақстан матчының ойыншыларына SofaScore сайты талдау жасады. Қазақстан құрамасының сапынан жартылай қорғаушы Исламбек Қуат пен шабуылшы Максим Самородов – екеуі де 7,3 ұпайдан жинап, кездесудегі ең нәтижелі ойын көрсеткен ойыншылар атанды.