Қазақстандық зілтемірші қыз Айсамал Сансызбаева Мексиканың Гвадалахара қаласында өткен ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
87 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық спортшы жұлқа көтеруде 107 келі, серпе көтеруде 143 келіні бағындырды. Айсамал Сансызбаева екі жаттығудың қорытындысы бойынша 250 келі салмақты бағындырды. Бұл нәтиже оған әлем чемпионатының күміс жүлдегері атануға мүмкіндік берді.
Тайпейлік Лин Чен Ванг 252 келі (111+141) көрсеткішімен әлем чемпионы атанды. Қола жүлде бразилиялық Таями Джустино Де Лимеге (245 келі, 105+140) бұйырды.
Сонымен қатар Егор Шерер 89 келіде сынға түсіп, қоссайыс бойынша 334 (153+181) ұпай жинап, 7-нәтиже көрсетті.
Осылайша, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы биылғы Мексикада өткен әлем чемпионатын екі медальмен аяқтады. Отандық жас зілтеміршілер «алтын» және «күміс» медаль алды. 20 қарашада 73 келі салмақта қарсылас шақ келтірмеген Едіге Емберді әлем чемпионы атанған болатын.
2023 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына барлығы 44 елден 229 ауыр атлетші келді. Ал бұл жарыста Қазақстан намысын бес спортшы қорғады.