Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Ұлттар лигасында сенсация жасады.
Қазақстандық футболшылар Израиль құрамасымен тең түсті – 0:0. Бұл кездесуде Израиль айқын фаворит саналды. Үш күн бұрын командалар өзара кездесіп, Израиль құрамасы 2:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Енді С дивизионының 4-тобындағы турнир кестесі келесідей: Израиль – 7 ұпай (3 матч), Эстония – 7 ұпай (4 матч), Қазақстан – 5 ұпай (4 матч), Армения – 0 ұпай (3 матч).
Айта кетейік, қыркүйекте Қазақстан әйелдер құрамасы Армения құрамасын 2:1 есебімен жеңіп, соңғы бес жылдағы ресми кездесудегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Мадияр Кембілов шәкірттері УЕФА Ұлттар лигасындағы келесі ойынын 1 желтоқсанда Эстонияға қарсы өткізеді. Осы орайда Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Мадияр Кембілов Израильмен өткен ойын туралы пікір қалдырды:
«Ойын өте қиын болды. Израильмен екінші ойыннан кейін өз алаңымызда Эстония және Армения құрамаларын қабылдаймыз. Барша футбол жанкүйерлерін 1 және 5 желтоқсан күні «Астана Арена» стадионына шақырамын. Жақсы ойын көрсетіп жанкүйерлерімізге қуаныш сыйлауға тырысамыз», — деді Кембілов.
2023 жылдың 2 мамырында әйелдер құрамалары арасында жаңа турнир УЕФА Ұлттар лигасының жеребе тарту рәсімі өтті. УЕФА Атқарушы комитеті былтыр күзде әйелдер арасында УЕФА Ұлттар лигасын өткізу туралы шешім қабылдады. Жарыс Олимпиада ойындарына іріктеу турнирі, сонымен қатар Еуропа және әлем чемпионатының іріктеу кезеңдеріне ықпал етеді. Жаңа формат әйелдер арасында Еуро-2025 чемпионатында алғаш рет қолданылды. Жарыс ережесі бойынша ұлттық құрамалар дивизиондар арасында ауысады (жоғарылайды немесе төмендейді), сонымен қатар Ұлттар лигасының финалдық кезеңін сарапқа салады.
Топтық кезеңде командалар УЕФА әйелдер құрамаларының рейтингіcі бойынша үш лигаға бөлінді. Қазақстан құрамасы С лигасына түсті. Төрт топқа әр себеттен бір командадан түседі. Ал бесінші топ алғашқы үш себеттен қалған командалардан құралады.
1-себет: Мальта, Израиль, Әзербайжан, Түркия, Солтүстік Македония
2-себет: Косово, Черногория, Люксембург, Эстония, Молдова
3-себет: Литва, Қазақстан, Латвия, Болгария, Кипр
4-себет: Фарер аралдары, Грузия, Армения, Андорра
С лигасындағы бес топтың жеңімпаздары В лигасына өтеді. Екінші орын алған үш үздік команда В лигасында үшінші орын алған үш үздік командамен өтпелі ойындар өткізеді. Жеңімпаздар Еуропа іріктеу кезеңінде В лигасында ойнайды. Ал ұтылғандары С лигасының ойындарына қатысады.
Әйелдер арасында УЕФА Ұлттар лигасының күнтізбесі-2023/24:
Топтық кезең:
1-2 турлар:
20-26 қыркүйек, 2023 жыл
3-4 турлар:
25-31 қазан 2023 жыл
5-6 турлар:
29 қараша — 5 желтоқсан 2023 жыл
Финалдық кезең
21-28 ақпан 2024 жыл
Өтпелі ойындар
21-28 ақпан 2024 жыл