Дмитрий Попко (504 ATP) осы маусымда ITF M15 сериясының екінші титулын жеңіп алды. Ол Түркияның Анталия қаласында өткен турнирде жекелей сында чемпион атанды.
Финалдық кездесуде қазақстандық теннисші өзбекстандық Сергей Фоминмен (728 ATP) сынға түсті. Попко бірінші сетті 6:4 есебімен алға шыққанымен, екінші сетте қарсыласы есепті теңестіріп кетті — 3:6. Шешуші үшінші сетте. Дмитрий 6:2 есебімен сенімді жеңіске жетті. Жалпы, Попко қазіргі уақытта Халықаралық теннис федерациясының ұйымдастрыуымен өткен турнирлерде 27 жеңіске ие болды: жекелей сында 21 жүлде және жұптық жарыста 6 жүлде иеленді.
Сондай-ақ Григорий Ломакин қазақстандық жанкүйерлерді жеңістерімен қуантып келеді. Бұл жолы қазақстандық спортшы Мысырдың Шарм-эль-Шейх қаласында өткен ITF M15 сериялы турнирінде жеңімпаз атанды.
Украиналық Вадим Урсумен бірге Ломакин финалда италиялықтар Филиберто Фумагалли/Самюэль Винсент-Руджери дуэтін 6:2, 4:6, 10:5 есебімен жеңді. Осылайша, Ломакин мансабындағы ITF сериялы турнирлеріндегі жұптық сайыстағы 21-ші жеңісін, жұптық жарыс бойынша осы маусымдағы төртінші жеңісін және Шарм-эль-Шейх корттарында бір айдағы екінші жеңісін тойлады.
Өкінішке қарай әйелдер арасындағы жұптық сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Анна Данилина Францияда өтіп жатқан WTA 125 турнирінің финалында жеңіске жете алмады. Ресейлік теннисші Александра Пановамен бірге қазақстандық спортшы чемпиондық тартыста Кристина Бусе (Испания)/Моника Никулескудан (Румыния) 1:6, 3:6 есебімен жеңіліп қалды.
Ал 15 жастағы Заңғар Нұрланұлы халықаралық турнирде жақсы нәтиже көрсетті. Жас қазақстандық Латвияда өткен ITF Juniors J100 сериялы турнирінің финалисті атанды. Ол финалдық кездесуде 17 жастағы поляк Якуб Джеджариктен 3:6, 4:6 есебімен ұтылды.п