Елордалық хоккей клубының бас бапкерінің міндетін атқарушы болып соңғы айларда клубта бас менеджер болып жұмыс істеген Олег Болякин тағайындалды.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағын алған маман Қазақстан жастар құрамасын элиталық дивизионға шығаруымен танымал. Олег Владимировичтің клубтық қызметте де тәжірибесі мол. Ол бұған дейін Павлодардың «Ертіс», Қарағандының «Сарыарқа», «Торпедо», «Алматы» мен «Ермактың» бас бапкері болған.
Болякиннің бапкерлер құрамына Александр Высоцкий мен Ерлан Сағымбаевтың орнына Андрей Шаянов пен Талғат Жайлауов кіреді. Осы төрт көмекшінің ішінде Жайлауов қана ҚХЛ-да «Барыстың» бас бапкері болып қызмет атқармаған.
Болякин өзінің жаңа лауазымындағы дебютін 19 желтоқсанда сырт алаңда «Салават Юлаевқа» қарсы өткізеді. 40 ойыннан кейін «Барыс» Шығыс конференциясында соңғы орында және плей-офф аймағынан 12 ұпайға қалып келеді.
Ал Ғалым Мәмбеталиев Қазақстан құрамасының бас бапкері болып қалады. 14-17 желтоқсан аралығында құрамамыз Санкт-Петербургте «Бірінші арна кубогында» өнер көрсетеді. Сондай-ақ Ресей, Беларусь және ЖХЛ Жұлдыздар командасы да аталмыш турнирде бақ сынайды. Скабелка отставкаға кеткенге дейін Мәмбеталиев «Номадтың» бас бапкері болған, Бірақ оның «Барыстың» фарм клубына қайтып оралатыны туралы әзірге нақты ақпарат жоқ.