Футболдан Түркия чемпионатының «Анкарагюджю» мен «Ризеспор» арасындағы кездесуі жанжалмен аяқталды. «Анкарагюджю» президенті ойыннан кейін төрешіге шабуыл жасады.
15-ші тур ойыны Анкарада өтіп, 1:1 есебімен аяқталды. Алаң иелері Олимпиу Моруцананың голынан кейін (14-минут) екінші таймдағы қосымша уақыттың 7-минутында Адольфо Гаич гол соққанша алда болатын. Ойын барысында төреші Халил Умут Мелер әр командадан бір ойыншыны алаңнан қуды: 50-минутта «Анкарагюджю» сапында ойнаған Али Соу, ал қосымша уақыттың бесінші минутында «Ризеспордан» Эмирхан Топчу қызыл қағаз алды.
Матч аяқталғаннан кейін «Анкарагюджю» президенті Фарук Коджа бірнеше адаммен бірге алаңға жүгіріп шығып, төрешінің бетінен жұдырықпен соқты. Содан кейін төреші жерге құлады. Судья көгалда жатқанда тағы бірнеше рет оны тепкілеген. Төрешіге алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ауруханаға жеткізілді. Төрешіге шабуыл жасаған «Анкарагюджю» президенті Фарук Коджа қызметінен кетті.
Осы оқиғаға байланысты Түркия президенті де пікір білдірді.
««Анкарагюджю» мен «Ризеспор» матчынан кейін төреші Халил Умут Мелерге жасалған шабуылды қатаң айыптаймын және оның тезірек сауығып кетуін тілеймін. Спорт – татулық пен бауырмалдық деген сөз. Спорт зорлық-зомбылықпен үйлеспейді. Біз түрік спортында зорлық-зомбылыққа ешқашан жол бермейміз», — деп жазды Ердоған әлеуметтік желіде.
«Анкарагюджю» футбол клубының президенті Фарук Коджа мен тағы екі адам ел чемпионатының 15-ші турында Ризеспормен ойында төреші Халил Умут Мелерді ұрып-соғу оқиғасынан кейін қамауға алынды. Бұл туралы Түркияның Әділет министрі Йылмаз Тунч мәлімдеді.