Бүгін, 3 қаңтар Қазақстанның үздік теннисшісі, әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина жаңа жылдағы алғашқы ресми кездесуін өткізеді. Оның Брисбенде (Австралия) WTA 500 — Brisbane International турнирінде екінші айналымдағы қарсыласы жергілікті теннисші Оливия Гадеки.
Теннисшілер турнирдің басты корты – Патрик Рафтер атындағы аренада өнер көрсетеді. Осы турнирдің екінші ракеткасы болып тіркелген Рыбакина мен әлемдік рейтингте 124-орында тұрған Гадеки арасындағы кездесу Астана уақытымен 14:30-да басталады. Бұл 24 жастағы Рыбакина мен 21 жастағы Гадеки арасындағы алғашқы кездесу болмақ.
Егер Рыбакина үшін бұл жаңа маусымдағы алғашқы матч болса (соңғы толыққанды ойын екі ай бұрын, 3 қарашада жылдың финалдық турнирінде өтті), ал Гадеки Брисбенде үш кездесу өткізіп үлгерді. Жас аустралиялық теннисші іріктеуден сүрінбей өтіп, турнирдің негізгі кезеңіне жолдама алды. Жұма күні, 29 желтоқсанда ол бірінші іріктеу кезеңінде 30 жастағы сербиялық Александра Круничті 7:5, 6:0 есебімен ұтса, іріктеу финалында 30 желтоқсанда Оливия ресейлік Валерия Савиныхты 6:3, 6:2 есебімен тізе бүктірді. Осылайша Гадеки үшін турнирдің негізгі кезеңіне жол ашылды. Бірінші айналымда 2 қаңтарда ол рейтингте 115-орында тұрған отандасы Кимберли Бирреллмен дерби өткізді. Нәтижесінде Оливия Бирреллге қарсы мінез көрсетіп, осы жарыстағы төртінші жеңісіне қол жеткізді — 4:6, 6:0, 6:4.
Рыбакина турнирде жоғары, екінші реттік нөмір алғандықтан (әлемнің екінші ракеткасы, беларусь Арина Соболенко осы жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелді), ол бірден бірінші айналым кезеңіне қатыспай, бәсекені екінші айналымнан бастайды. Сондықтан Елена үшін бұл оңай болмауы мүмкін. Өйткені, жас қарсылас өз алаңында ойнайды және ол өзіне жақсы таныс осы корттарда үш ойын өткізіп үлгерді. Оливия өз елінде көрермендердің көзайымы ғана емес, сонымен қатар әлемдік жұлдызбен бетпе-бет кездесуде мүмкіндігінше жақсы өнер көрсетуге тырысатыны анық. Ал біз Елена барлық жанкүйерлерін 2024 жылдың алғашқы турнирінде қуантады деп сенеміз. Осы текетірестің жеңімпазы 1/8 финалда Элизе Мертенс (Бельгия) — Слоун Стивенс (АҚШ) жұбының жеңімпазына қарсы ойнайды.