17 жасар теннисші Соня Жиенбаева бұған дейін Германия атынан өнер көрсетсе, енді биыл Қазақстан құрамасының намысын қорғайды.
Жиенбаева Алматы қаласының тумасы, анасы қазақ, әкесі неміс. Ол бала кезінде Германияға көшіп кеткен. Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) жекелей рейтингінде Соня қазақстандық теннисші ретінде тіркеліп, 1255-ші орында тұр.
Жиенбаева жасөспірімдер арасындағы Аустралия ашық чемпионатында тамаша өнер көрсетті. Жекелей сында үшінші айналымға және жұптық сайыста ширек финалға шықты. Осы көрсеткіштердің арқасында Жиенбаева өз мансабында алғаш рет жасөспірімдер (18 жасқа дейінгі) арасында ITF рейтингінің үздік 30 теннисшісі қатарына енді.
Жасөспірімдер арасындағы рейтингте Соня Германияның екінші ракеткасы дәрежесіне дейін жетті. Ол 2021 жылды әлемдегі жасөспірімдер арасында екінші жүздіктің соңында аяқтады. Ал бір жылдан сәл астам уақыт өткен соң ол үздік 30 теннисші қатарынан табылды.
Өткен жылы Australian Open турнирінде бірінші айналымда чехиялық қарсыласы Амели Смейкалованы – 7:5, 6:4 есебімен ұтып, екінші айналымда жергілікті теннисші Стефани Уэббті жарыстан шет қалдырды – 6: 4, 4:6, 6:4. Бір қызығы, Уэбб жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелген жапониялық Сара Сайтодан басым түскен еді. Соняны бұл турнирде тек словакиялық Рената Ярмичова ғана тоқтата алды — 0:6, 2:6. Айта кетейік, бұл Жиенбаева үшін жасөспірімдер арасындағы бірінші Үлкен дулыға турнирі болды.
Ол сондай-ақ Анталияда (Түркия) өткен Billie Jean King Junior Cup турнирінде Германия құрамасының сапында өнер көрсетті. Онда Жиенбаева алты жекелей матчтың үшеуінде жеңіске жетіп, Германия құрамасына 16 команданың арасынан жетінші орын алуға көмектесті.
Vesti.kz хабарлауынша Жиенбаева Кипрдегі жекеменшік мектептердің бірінде білім алып, Германия жасөспірімдер құрамасының құрамында Billy Jean King кубогының ширек финалына дейін жеткен. Ал неміс ақпарат құралдары Соняны Мюнстер теннис мектебінің түлегі және оны ағасы Асқар жаттықтырады деп жазады.