Елена Рыбакина Брисбен (Аустралия) WTA 500 турнирінің жартылай финалына шықты.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық спортшы ширек финалда дүниежүзілік рейтингте 28-орында тұрған ресейлік Анастасия Потаповамен шеберлік таластырды. Осыған дейін қарсыластар бір-ақ мәрте кездесіп, онда ресейлік теннисші жеңген екен. Бұл жолы бірінші партияда есеп 2:1 болған мезетте Елена брейк жасай алды.
Есеп 4:1 болғанда, Потапова медициналық көмекке жүгінді. Бұдан кейін тағы бір брейк жасаған Елена алғашқы партияны 6:1 есебімен аяқтады. Осыдан соң Анастасия бәсекені жалғастырудан бас тартты. Жарты сағатқа созылған кездесуде қазақстандық теннисші 2 эйс жасап, 3 брейк-пойнттың екеуін пайдаланып үлгерді.
Жарыстың 1/2 финалында Рыбакина ширек финалда ресейлік Мирра Андрееваны 7:5, 6:3 есебімен ұтқан чехиялық теннисші Линда Носковамен сынға түседі. Олардың арасындағы кездесу бір сағат 40 минутқа созылды. Рыбакина мен Носкова арасындағы матч 6 қаңтар күні таңертең өтеді.
Айта кетейік, 2023 жылдың 31 желтоқсаны мен 2024 жылдың 7 қаңтары аралығында Брисбенде өтіп жатқан теннис маусымының бірінші WTA 500 турнирі әлемнің ең мықты деген теннисшілерін жинады. Жарыстың фавориттері Аустралия ашық чемпионатының былтырғы жеңімпаздары – чемпион Арина Соболенко (әлемнің екінші ракеткасы) мен финалист Елена Рыбакина (әлемнің төртінші ракеткасы) болды. Топ-20 теннисшінің алтауы, жоғарыда аталғандардан басқа Алена Остапенко, Людмила Самсонова, Вероника Кудерметова және Дарья Касаткина Брисбенде өнер көрсетті. Сонымен қатар, Брисбенде ұзақ үзілістен кейін Наоми Осака WTA турына оралды.