Бүгін, 7-қаңтар Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Брисбен (Аустралия) WTA 500 турнирінің жеңімпазы атанды. Қазақстандық теннисші финалда өзінің басты қарсыластарының бірі, әлемнің 2-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен бас жүлдені сарапқа салды. Бірінші партияда Елена бет қаратпады — 6:0. Екінші сетте де 2:0 есебімен алға шықты. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді — 6:3. Бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта Рыбакина 7 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана білді.
Матч аяқталған соң Елена Арина Соболенконы жеңгеніне қатысты пікір білдірді.
«Мен Аринаны тамаша жарыс аптасымен және керемет өткен маусыммен құттықтағым келеді! Әлі де бір емес бірнеше рет кездесетінімізге сенімдімін. Бұл үлкен шайқас болды. Біз әрқашан бір-бірімізді алға жетелеп, ойынымызды жетілдіреміз. Осылай жалғастырамыз деген ойдамын. Мен де сіздің командаңызды құттықтаймын. Арина не айтса да, олар жақсы жұмыс жасады! Бізді қолдағандардың барлығына алғыс айтқым келеді. Мұнда атмосфера керемет болды. Бұл менің Брисбендегі алғашқы турнирім. Келесі жылы осында қайта оралатыныма сенімдімін», — деді Рыбакина.
Осы табысының арқасында Рыбакина 220 000 доллар, ал Соболенко 135 000 доллар сыйақы алады. Сонымен қатар Елена 500 рейтингтік ұпай жинап, әлемдік рейтингте үшінші орынға көтеріледі. Брисбендегі турнирге дейін ол төртінші орында болатын.