Ерлер арасында Қазақстанның ең үздік теннисшісі Александр Бублик маусымдағы бірінші «Үлкен дулыға» турнирі Аустралия ашық біріншілігінде екінші айналымға өте алмады.
Бірінші кездесуде ATP рейтингінде 27-орында тұрған Бублик іріктеу кезеңі арқылы негізгі кезеңге шыққан үндістандық 137-ші Сумит Нагалмен кездесті. Нәтижесінде қазақстандық теннисші одан үш ойында 4:6, 2:6, 6:7 есебімен жеңіліп қалды.
Қазақстан үшін бұл Аустралия ашық чемпионатындағы 2024 жылғы жекелей сында екінші жеңіліс. Бұған дейін Юлия Путинцева бірінші айналымда ресейлік дебютант Анастасия Захаровадан 6:2, 0:6, 3:6 есебімен сенсациялық түрде ұтылып, турнирден шығып қалған болатын.
Бірінші сетте Путинцева 6:2 есебімен алға шыққанымен, екінші сетте толықтай сәтсіздікке ұшырады — 0:6. Шешуші үшінші сетте ресейлік жеңіске жетті — 6:3. Теннисшілер кортта 1 сағат 50 минут уақыт өткізді. Кездесу барысында Захарова 3 эйс жасап, 1 қос қателік жасады. Захарованың келесі ойыны бірінші айналымда ресейлік Анастасия Потапованы ұтқан словениялық Кайя Юванға қарсы өтеді — 6:1, 6:4.
Айта кетейік, 21 жастағы Захарова WTA рейтингінде 190-шы орында, ал Путинцева әлемдік рейтингте 64-ші орында тұр.