Санаулы күндерден соң теннистен Қазақстан құрамасы Аргентинамен кездеседі.
2023 жылдың 27 қарашасы Малагада Дэвис кубогының 2024 жылғы іріктеу кезеңіне жеребе тарту рәсімі өткен болатын. Юрий Щукин шәкірттері 2024 жылдың 3-4 ақпанында Аргентина құрамасымен сырт алаңда ойнайды. Қазақстан құрамасымен Аргентина өзара екі рет ойнаған. 2011 жылы Буэнос-Айресте өткен ширек финалда біздің құрама 0:5 есебімен жеңілсе, 2017 жылы Астанада плей-оффқа іріктеу кезеңінде 3:2 есебімен жеңіске жеткен болатын. Әлемдік рейтингте Қазақстан құрамасы 13-ші, аргентиналықтар 19-шы орында. Бұл командалық әлем чемпионатының финалдық кезеңіне іріктеу болады. Іріктеу матчтары төрт жекелей және бір жұптық матчтан тұрады.
Қазіргі таңда Росарио қаласында 3-4 ақпанда өтетін Дэвис кубогының Аргентинамен іріктеу матчына қатысатын Қазақстан құрамасы белгілі. Юрий Щукин бастаған бапкерлік штаб өз таңдауын жасады. Атап айтқанда, әлемнің 31-ші ракеткасы Александр Бублик, сондай-ақ Денис Евсеев (184), Бейбіт Жұқаев (188), Тимофей Скатов (226) және жұптық сында дүниежүзілік рейтингте 46-ші орында тұрған Александр Недовесов ел намысын қорғайды.
«Құрамаға нәтижелері мен рейтингтегі орындарына байланысты өздерін таныта білген спортшылар алынды. Қарсылас туралы айтсақ, олардың құрамы өте мықты. Жекелей сында үш аргентиналық спортшы әлемдегі үздік 50 теннисшінің қатарына тұр. Тағы үшеуі жұптық сында ТОП-20-ға кіреді. Олардың бәрі топырақ төсенішінде жақсы ойнайды. Біз қиын болатынын түсінеміз. Дегенмен бар күшімізді саламыз. Бұған дейін сырт алаңда мықты командаларға қарсы ойнап, жеңген болатынбыз», — деді Ю.Щукин ҚТФ-на берген сұхбатында.