Әлемнің үшінші ракеткасы қазақстандық Елена Рыбакинаның Australian Open 2024 турнирінің екінші айналымындағы сәтсіздігі теннис жанкүйерлерінің барлығын дүр сілкіндірді. Ол спорттық мансабында үшінші рет осы турнирдің екінші айналымында жеңілді. Ал Мельбурнде бес рет ойнады.
Қазақстанның үздік теннисшісі маусымның алғашқы жеті кездесуінде алты жеңіске қол жеткізіп, Аустралия ашық чемпионатына жақсы дайындықпен келді. Бірақ жаңа жылдың алғашқы «Үлкен дулыға» турнирінің екінші айналымында оны ресейлік Анна Блинкова (әлемнің 57-ракеткасы) тоқтатты — 4:6, 6:4, 6:7 (20).
Үшінші сеттегі супер-тай-брейк осы ұзаққа созылған матчтың басты оқиғасы болды. Финалдық ойында қазақстандық ойыншының алты матчболы болды. Бірақ ол оны пайдалана қоймады. Енді олардың арасындағы жеке кездесулердің есебі 2:0 Аннаның пайдасына (3:0 – жасөспірімдер арасындағы кездесулерді есепке алғанда) шешілді. Өткен жылы Рыбакина финалға шығып, 1200 рейтингтік ұпай жинады. Бұл әлі де оның бір турнирдегі рекорды. Өйткені 2022 жылы Уимблдонда жеңіске жеткені үшін ұпай берілмеді (2000 ұпай болуы керек еді).
Осы маусымда Елена Мельбурндегі турнирде екінші айналымға дейін ғана жетті. Енді Аустралия ашық біріншілігінің қорытындысы бойынша қазақстандық теннисшінің екі позиция төмендеп, әлемнің бесінші ракеткасы болатыны қазірдің өзінде белгілі. Осы жолы бірден екі америкалық — Коко Гауфф (№4) және Джессика Пегула (№5) Еленаның алдын орамақ. Оның үстіне Пегула да Рыбакина секілді екінші кезеңде күтпеген жерден жеңіліс тауып, француздық Клара Бурелден екі сетте жеңіліп қалды – 4:6, 2:6. Бірақ мұны ескерген жағдай да, көп ұпай жоғалтқан Рыбакинадан озып, Джессика үздік төрттікке қайта оралады.
Бір ғана жақсы жаңалық, үздік бестікке кірмейтін теннисшілердің ешқайсысы ешбір жағдайда Рыбакинаны қуып жетіп, үздік бестіктен орын ала алмайды. Бұған рейтингтегі ұпайлар санындағы үлкен айырмашылық, сондай-ақ алтыдан сегізге дейінгі позициялардағы ойыншылардың (Онс Жабеур, Маркета Вондроусова, Мария Саккари) турнирден шығып қалғандары ықпал етті.
Айта кетейік, дүйсенбі 29 қаңтар күні Аустралияның ашық чемпионатының нәтижелері бойынша WTA рейтингін жаңартқаннан кейін Елена әлемдік рейтинг кестесінде бесінші орынға түседі.