Илья Мизерных — шаңғымен тұғырдан секіруден жасөспірімдер арасында Олимпиада чемпионы.
Шаңғымен тұғырдан секіру сайысында 38 қарсыласпен сынға түскен Илья Мизерных 214 ұпай жинап чемпион атанды. Ал аустриялық Ники Хаммл 210,7 ұпаймен күміс жүлдеге ие болса, польшалық Лукаш Лукащук 209,7 ұпаймен үздік үштік қатарына ілікті.
Шаңғымен секіру жарысында бірінші мүмкіндігінен кейін Мизерных үшінші орынды сақтап қалды. Алайда екінші секіруде ол өз нәтижесін жақсартып, бірінші орынға табан тіреді.
Ермек Маржықпаев шаңғымен тұғырдан секіруден жасөспірімдер арасында Олимпиада чемпионы Илья Мизерныхты құттықтады.
«Қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасындағы алғашқы алтын медаль құтты болсын, Қазақ елі! Бұл – Жасөпірімдердің қысқы Олимпиадасы тарихында біздің спортшылар жеңіп алған тұңғыш алтын. Жарыстың алғашқы күнінде шаңғымен тұғырдан секіруде бәсекеге түскен Илья Мизерных барлық қарсыласынан басым түсіп, жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Бастама өте жақсы. Осы алтын медаль барша спортшыларға жұғысты болсын! Құтты болсын!»,- деді Ермек Маржықпаев.
Айта кетейік, Қазақстан бұған дейін қысқы жасөспірімдер ойындарында алтын алған емес. Осы уақытқа дейін жерлестеріміз 3 Олимпиадада 1 күміс, 4 қола жүлде алған еді.