«Мельбурн паркінің» корттарында Аустралия ашық чемпионатымен тұспа-тұс келген жасөспірімдер арасындағы Asia-Pacific Elite 14 & Under Trophy турнирі аяқталды. Қазақстандық Ева Корышева тартысты өткен финалдық кездесуде аустралиялық Эмили Ченнен 6:2, 4:6, 4:6 есебімен жеңіліп қалды.
Кешегі барлық кездесулер жаңбырға байланысты бүгінге шегеріліп, бірінші болып қазақстандық теннисші бүгін жартылай финалды аяқтап, кейін бірден финалда ойнауға тура келді.
Ева Ақтөбе теннис мектебінің тәрбиеленушісі. Павел Цойдың жетекшілігімен жаттығады. Корышева өткен жылды жекелей сында 24/5 (83%) ұтыс/жеңіліс рекордымен Tennis Europe рейтингінде 18-ші орында аяқтады. Сондай-ақ қазақстандық теннисші Еуропалық теннис қауымдастығының «Жылдың үздік шетелдік ойыншысы» (ЕО емес) сыйлығын алды.
Өкінішке қарай қазақстандық теннисші Әмір Омарханов жасөспірімдер арасында Аустралия ашық чемпионатының жартылай финалына өте алмады. Жасөспірімдер арасында әлемнің 27-ракеткасы, 16 жасар Әмир ширек финалда рейтингіде өзінен екі саты жоғары тұрған құрдасы, Нидерланды өкілі Мес Роттгерингпен шеберлік байқасты. Бірінші партияда екі брейк жасаған Мес алға шықты — 6:2. Оның қарқынына төтеп беру екінші сетте де мүмкін болмады — 6:0. Әмір Омархановтың «Үлкен дулыға» турнирінде ширек финалға дейін жетуінің өзін зор табыс деп бағалауға болады.