Бүгін Қазақстан спорт және туризм министрі Ермек Маржықпаев велоспорттан еліміздің еңбек сіңірген спорт шебері, Лондон Олимпиадасының чемпионы Александр Винокуровпен кездесті.
Даңқты велошабандозымыз отандық спортты, оның ішінде велоспортты дамыту жолында қажырлы еңбек етіп келеді. 2013 жылдан бері ол әлемге әйгілі «Астана» велокомандасын басқарады.
Кездесу барысында Александр «Астана» велокомандасының халықаралық жарыстардағы нәтижесі мен болашақ даму жоспарлары туралы әігімеледі. Велоспорттан ұлттық құраманың көшбасшылары осы ұжымның өкілдері екені белгілі. Сондықтан Ермек Маржықпаев осы жазда Парижде өтетін Олимпиадада ел намысын қорғайтын велошабандоздарды дайындаудың жеке жоспарын Александр Винокуровпен бірге талқылады.
«Жиын соңында Александрға Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы құрметті атағы тапсырдым. Ол өз кезегінде жазда ұлттық құрамамен бірге Париж Олимпиадасына баруға уәде берді. Оның спорттағы тәжірибесі мен қолдауы біздің спортшыларға төртжылдықтың басты додасында лайықты өнер көрсетуге көмектеседі деп сенемін», — деді Ермек Маржықпаев.
Айта кетейік, 26 шілде — 11 тамыз күндері аралығында Париж жазғы Олимпиадасы өтеді. Аталмыш бәсекеде 32 спорттан 48 дисциплина бойынша 329 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Дәл қазіргі сәтте Қазақстан қоржынында 7 спорт түрі бойынша 19 Олимпиада жолдамасы бар. ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың сөзінше алдағы басты жоспар – Париж Олимпиадасының жолдамасын 90-ға жеткізу.