Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі енді Қазақстанның намысын қорғайтын Ресейдің алтыншы ракеткасы Александр Шевченконы ресми таныстырды.
«Мен жанкүйерлерді өз ойыныммен қуанта аламын деп үміттенемін және сол сәтті асыға күтемін. Бұл ел маған сенім артты және мұның бекер емес екенін дәлелдеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамын», — деді Шевченко.
Естеріңізге сала кетейік, Ростов қаласының 23 жастағы тумасы ATP рейтингінде 48-орында тұр. Ресейліктер арасында бұл әлемдік рейтингтегі алтыншы көрсеткіш.
Осы орайда Ресейдің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Виктор Янчук Александр Шевченконың Қазақстанға спорт азаматтығын ауыстыруы туралы пікір білдірді.
«Спорттық азаматтығын ауыстырған Шевченко тарихтағы бірінші де емес, соңғы да спортшы емес. Ешқандай да трагедия жоқ. Ресейлік жас теннисшілер материалдық және ұйымдастырушылық көмекті қажет ететіндіктен, сырттан қолдау іздейді және оны Қазақстан теннис федерациясынан табады. Бұл қалыпты жағдай. Әсіресе бізде ойнайтын адам болғандықтан. Бірақ ресейліктерге Дэвис кубогына қатысуға әзірге рұқсат жоқ. Медведев, Рублев, Хачанов бар. Сондықтан Ресей теннис федерациясы жекелеген жастарға ерекше алаңдамайды. Бұл өмір. Егер мүмкіндік болса қолдау бар жерде өнер көрсету керек. Шевченко жақсы өсіп келе жатқан теннисші. Оған сәттілік тілеймін. Бірақ менің ойымша, оның Медведев пен Рублевтен жоғары көтерілуі екіталай. Бұл үшін талант та керек», — деді Янчук «Чемпионат» басылымына берген сұхбатында.
Александр Шевченко ерлер арасындағы жекелей сында 27-ші орында тұрған Александр Бубликтен кейін бірден Қазақстанның екінші ракеткасы атанады. Кәсіби мансабында Шевченко үш Челленджерде жеңіске жетті. Сонымен қатар бір ATP турнирінің финалында өнер көрсетті.