Елордада алғаш рет еліміздің даңқты желаяғы, жеңіл атлетикадан КСРО-ның Еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, КСРО чемпионы және жүлдегері, алты дүркін рекорд иесі, Еуропа кубогінің иегері және Еуропа чемпионатының жүлдегері Әмин Тұяқов ағамыздың құрметіне Astana Indoor meet for Amin Tuyakov prizes халықаралық турнирі ұйымдастырылды. Бұл туралы туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Айтулы додаға әлемнің 45 елінен 136 спортшы қатысып, Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешеніне жиналған көрерменге нағыз спорттық мереке сыйлады. Қатысушылардың арасында Олимпиада, Әлем, Еуропа және Азия чемпионаттарында топ жарған әйгілі спортшылар болғанын айта кеткен жөн.
Жарыста ел құрамасы сапынан ең үздік көрсеткішті биіктікке секіруден жабық кешендегі әлем чемпионатының қола жүлдегері Надежда Дубовицкая (2-орын) 1,90 метрмен көрсетті.
Ерлер арасында сырықпен секіруден 5.80 метр нәтиже көрсеткен Арманд Дуплантис алтыннан алқа тақты. Сондай-ақ ядро лақтырудан Скотт Линкольн (20.81 метр), 60 м жүгіруден Демек Кемп (6,55 секунд), 60 м кедергілермен жүгіруден Жунхю Лю (7.58 секунд), 400 м жүгіруден Инаки Канал (46.36 секунд), 3000 м жүгіруден Самуэл Тефера (Эфиопия, 7:33.80 мин) үздік нәтиже көрсетіп, турнирдің чемпиондары атанды.
Ал әйелдер арасында биіктікке секіруден Урте Байкстайтқа шақ келер қарсылас табылмады. Ол 1.92 метр биіктікті бағындырып, алтын жүлде иеленді. Ұзындыққа секіруден Милиса Гардасевич 6.45 метр, 60 м жүгіруде Багам аралының өкілі Антоник Страчан — 7.21 секунд, 60 м кедергілермен жүгіруден Тоби Амусан — 7.77 секунд, 400 м жүгіруден Катиа Азеведо — 52.64 секунд, 1 миль (1,6 км) жүгіруден эфиопиялық Дирибе Уелтежи 4:23.76 мин нәтиже көрсетіп, алтыннан алқа тақты.
Жарыс қорытындысы бойынша чемпион атанған спортшылар көктемде Глазгода (Шотландия) өтетін жабық кешендегі әлем чемпионатына тікелей жолдама алды.