29-қаңтар күні Ұлттық құрама спортшылары шаңғымен жарыста және кёрлингте сынға түсті. Мерей мен Ибрагим Тастеміровтер топтық кезеңде Швейцария құрамасына (Яна-Тамара Хахлен, Невио Каччивио) есе жіберді. Есеп 1-9.
Осыдан кейін шаңғымен жарыста Қазақстан атлеттерінен жақсы нәтижені Берік Боранбаев көрсетті. Ол спринтте іріктеуден сүрінбей өтіп, ширек финалдан ары аса алмады. Әубәкір Тотанов 37-ші сатыға тұрақтады (3:18.78).
Қыздар арасында Ұлттық құраманың бірде-бір спортшысы ширек финалға өте алмады: Виолетта Митропольская 33-ші, Милана Мамедова 56-шы болды. Ең мықты 30 қатысушы ширек финалға жолдама алды.Осы тұста бүгін Виолеттаның туған күні екенін айта кетейік. Ол 18 жасқа толды.
Спринтте қыздар арасында Эльза Тенгландер (Швеция, 3:33.98) топ жарса, Кайса Йоханнсон (Швеция, 3:33.98) екінші, Нейли-Лотта Карпеллин (Финляндия, 3:34.46) үшінші сатыға жайғасты. Ұлдарда Федерико Поцци (Италия, 3:16.27) алтыннан алқа тақты. Күміс Элиас Мохта (Германия, 3:16.60), үздік үштікті Тэйбор Гринберг (АҚШ, 3:17.33) түйіндеді.
Ертең шаңғымен 7,5 шақырымға жарыс (классикалық жүріспен) өтеді. Спортшылар Астана уақытымен 8:00-де (ұлдар) және 10:30-де (қыздар) шығады. Ал кёрлингтен Қазақстан мен Италия ойыны 15:00-де басталады. Жасөспірімдер Олимпиадасы 1 ақпанда аяқталады.
Қазіргі таңда Қазақстан құрамасы Канвондағы жасөспірімдер Олимпиадасында үш медаль иеленді. Шаңғымен секіруден алтын, сонымен қатар екі қола (шорт-трек және 3х3 хоккей). Ойындар 1 ақпанда аяқталады.