Қазақстан құрамасының шабуылшысы Артур Шушеначев израильдік «Хапоэль Беэр Шева» командасына ауысты. Израиль клубының баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Қайраттың» экс-форвардымен келісімшарт 3,5 жылға жасалған.
«Клубқа қосылып, Бұл мен үшін жаңа белесті бағындыру үшін ұмтылыс. Ертең мен жаңа достарыммен жаттығуға кірісемін және стадионда жанкүйерлермен кездесуді асыға күтемін», — деді Шушеначев келісімшартқа қол қойғаннан кейін.
Transfermarkt мәліметінше, Шушеначевтің құны 600 мың еуроға бағаланған. Келісім-шарт құны ресми жарияланбады. Дегенмен «Хапоэль» командасы Шушеначевті сататын болса, «Қайрат» келісім-шарт құнының белгілі бір пайызын алатыны белгілі болды.
Айта кетейік, 2023 жылғы маусымда Шушеначев 29 матч өткізіп, тоғыз гол соғып, үш нәтижелі пас берген. Оның «Қайратпен» келісім-шарт мерзімі 2024 жылдың соңына дейін болатын. Форвард Қазақстан құрамасы сапында алты ойын өткізген.
Қазіргі таңда «Хапоэль Беэр Шева» Израиль чемпионатының кестесінде көшбасшы «Маккаби Тель-Авивтен» жеті ұпайға артта қалып, төртінші орында тұр.