Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Абу-Даби WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты. Аустралия ашық чемпионатындағы сәтсіздіктен кейін рейтингіде 5-сатыға түсіп қалған Рыбакина үшін бұл жарыс маңызды еді.
Жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда рейтингіде 71-орындағы америкалық Даниэль Коллинзбен шеберлік байқасты. Олар осыған дейін өзара үш рет кездесіп, соның екеуінде Рыбакина жеңген еді.
Бұл жолы Коллинз оңай шағылатын жаңғақ еместігін көрсетіп, бірінші партияда басым түсті — 6:4. Есесіне екінші сетте Елена есе қайтарды — 6:3. Үшінші, шешуші партияда қазақстандық спортшы жеңісті жұлып алды — 6:3.
Екі сағат 20 минутқа созылған тартысты матчта Рыбакина 3 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 74-ракеткасы, Испания өкілі Кристина Бучаиенмен кездеседі.
«Жаттығуға және дайындалуға қосымша бірнеше күн алғаным жақсы болды. Бірінші матч әрқашан қиын, әсіресе осындай жақсы ойыншыға қарсы. Мен оны жеңгеніме қуаныштымын және турнирде тағы бір матч өткіземін» — деді «Рыбакина The Tennis Letter-ге берген сұхбатында.