Бүгін, 13 ақпанда Қазақстанның үздік теннисшісі, әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина жүлде қоры 3,2 миллион доллардан асатын Дохадағы (Катар) WTA 1000 сериясы турнирінде өнер көрсетеді. Аталмыш турнирдің үшінші ракеткасы болып тіркелген Рыбакина екінші айналымда әлемнің 57-ші ракеткасы, қытайлық Жу Линмен кездеседі. Матч Астана уақытымен 22:15-ке жоспарланған.
Рыбакина үшін бұл турнирдегі алғашқы кездесуі болады. Ал оның қарсыласы Дохада бір ойын өткізіп үлгерді. Бірінші айналымда Чжу Лин Франция құрамасында ойнайтын Варвара Грачеваны (№47) 6:1, 6:1 есебімен жеңді. Бұған дейін Рыбакина мен Лин өзара екі рет сынға түскен. Australian Open 2019 іріктеу кезеңінде қытайлық теннисші қыз сол кездегі 19 жастағы Еленаны (6:2, 6:4) жеңді. Ал күзде Ухань қаласында (Қытай) өткен турнирде қазақстандық теннисші есесін қайтарды – 7:5, 2:6, 6:0. Осылайша жеке кездесулердегі есеп теңесті — 1:1.
Айта кетейік, Рыбакина Абу-Дабидегі (БАӘ) WTA 500 турнирі — Mubadala Abu Dhabi Open турнирінде жеңіске жеткен соң бірден Дохаға жол тартты. Бұл оның биылғы екінші титулы. Бұған дейін қазақстандық теннисші Брисбенде (Аустралия) өткен турнирде жеңімпаз атанған болатын. Сондай-ақ Абу-Дабидегі жеңісінің арқасында Елена әлемдік рейтингте бесінші орыннан төртінші орынға көтерілді. Тағы бір қазақстандық теннисші Юлия Путинцева жеті позиция жоғалтып, 76-орынға жайғасты. Үздік үштікте өзгеріс жоқ: Ига Швентек (Польша), Арина Соболенко (Беларусь), Кори Гауфф (АҚШ).