Төртжылдықтың басты додасы — Олимпиада ойындарының лицензиялық сайысына қатысу үшін ауыр алтеттеріміз Тайландта өтетін Әлем кубогіне қатысады.
Өзбекстан астанасы Ташкентте 3-9 ақпан аралығында ерлер мен әйелдер арасында ауыр атлетикадан Азия чемпионаты өтті. Бұл Чемпионат Париждегі 2024 жылғы XXXIII жазғы Олимпиада ойындарына қатысу үшін лицензия алуға біліктілік болып табылады. Қазақстан Республикасының құрама командасы атынан әйелдер арасында Абдықалықова Айнұр, Нұрлыбекова Арай бақ сынады. Ал ерлерден Ақмолда Сайрамкез, Рахымберді Əлібек, Уваров Александр, Петрович Сергей, Староверкин Кирилл ел намысын қорғады.
Қазақстандық зілтеміршілер жалпы есепте 4 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды. Ақмолда Сайрамкез 67 кг салмақ дәрежесінде 292 кг (126+166) қоссайыс сомасында күміс медаль жеңіп алды. Ол 2019 жылы Лас-Вегаста жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында алтын жүлде иеленген болатын. Уваров Александр 81 кг салмақ дәрежесінде 343 кг (153 кг 190 кг) қоссайыс сомасында күміс медаль жеңіп алды. Староверкин Кирилл 96 кг дейінгі салмақ дәрежесінде, 330 кг (150+180) нәтижесімен «жұлқа» көтеру жаттығуында қола медаль иегері атанды.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы Чинжуда өткен Азия чемпионатында отандық зілтеміршілер түрлі дәрежедегі бес медаль (1-1-3) жеңіп алды. Бірақ оның төртеуі жақын арада қайтарылуы керек. Өйткені Нұрғиса Әділетұлы (алтын), Артём Антропов (күміс) ), Арли Чонтей мен Андас Самарқанов (екеуі де «қола») допинг-бақылаудан өте алмай, тыйым салынған SARMS S-23 препаратымен ұсталды.
Алдағы Олимпиада ойындарының соңғы лицензиясы 2024 жылдың 31 наурызы мен 11 сәуірі аралығында Тайландтың Пхукет қаласында өтетін Әлем Кубогында сарапқа салынады. Аталмыш турнирге Қазақстан ерлер құрамасымен қатар әйелдер құрамасы да қатысады. Спортшыларымыз лицензия иеленген жағдайда 26 шілде — 11 тамыз аралығында өтетін төртжылдықтың дүбірлі додасы — Париж Олимпиадасында сынға түседі. Ауыр атлеттеріміз биылғы маусымды 4-14 желтоқсан аралығында Манамада өтетін Әлем чемпионатымен қорытындылайды.