Қазақстандық дзюдошы Абиба Абужақынова Бакуде (Әзірбайжан) өтіп жатқан «Үлкен дулыға» турнирінің қола жүлдегері атанды. 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі қарымта белдесуде ол бельгиялық Луиза Петиді жеңіп, халықаралық турнирде үшінші орынға ие болды.
Абужақынова үшін бұл 2024 жылғы екінші қола. Бұған дейін ол Португалия Гран-приінде де үшінші орын алған болатын.
Айта кетейік, Grand Slam рейтингтік турнирі 16-18 ақпан аралығында Бакуде өтуде. Әлемдік додаға 64 елден 413 татами шеберлері жиналды. Жарыстың жалпы жүлде қоры 154 мың АҚШ долларын құрайды. Бакудегі турнирде ерлер арасында Дәурен Сүйеукенов, Бауыржан Нарбаев (60 келі) Алмас Ғалымов, Сұңғат Жұбатқан (66 келі), Жансай Смағұлов, Бақытжан Абдурахманов (73 келі), Аңсарбек Ғайнуллин, Айбол Нысанәлі (81 келі), Ермахан Әнуарбеков, Мұхаммедали Мавлидов (90 келі), Әділет Сапарғалиев, Ислам Бозбаев (100 келі), Еламан Ерғалиев, Әділ Оразбаев (+100 келі) ел намысын қорғауда.
Әйелдер арасында Әбиба Әбужақыновадан бөлек Ғалия Тынбаева (48 келі), Толғанай Әбеуова, Балнұр Әбдешова (52 келі), Балнұр Құсақбаева (57 келі), Эсмигүл Куйолова, Зарина Сарипова(63 келі), Екатерина Токарева (70 келі), Аруна Жангелдина, Маргарита Гриценко (78 келі), Кәмила Берліқаш, Карина Такиева (+78 келі) сынға түсуде.
«Үлкен дулыға» – Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіндегі беделді турнирлер сериясы. Биыл аталмыш жарыс Бакумен қатар Париж, Ташкент, Тбилиси, Анталия және Астанада ұйымдастырылады.