Бүгін, 21 ақпанда әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакина жүлде қоры 3,2 миллион доллардан асатын Дубайдағы (БАӘ) Duty Free Tennis Championships турниріндегі екінші кездесуін өткізеді.
2024 жылғы Дубайдағы теннис маусымы 18 ақпан мен 2 наурыз аралығында өтіп жатқан Dubai Duty Free Tennis Championships турнирімен ашылды. Жер шарының ең үздік теннисшілері өнер көрсетіп жатқан чемпионат кәсіпқой теннисшілер қауымдастығы (ATP) және Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) әлемдік тур сериясының бір бөлігі болып табылады және ерлер арасындағы ATP 500 сериясы мен әйелдер арасындағы WTA 1000 сериясын қамтиды.
Турнирде әр жылдары Рафаэль Надаль, Новак Джокович, Мартина Хингис, Роджер Федерер, Серена және Венус Уильямс сынды теннис жұлдыздары кортқа шықты. Ал биыл Турнирде ТОП-10 теннисшілердің сегізі өнер көрсетуде. WTA рейтингінің көшбасшыларының төрттігі — Ига Швентек, Арина Соболенко, Кори Гауфф және Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатынан бері алғаш рет ойнайды.
Еленаның 1/8 финалдағы қарсыласы әлемдік рейтингте 53-орында тұрған польшалық Магдалена Френх болмақ. Кездесу Астана уақытымен шамамен 15:30-да басталады. Рыбакина әлемдік рейтингте 4-сатыда орналасқандықтан, жарыс жолын бірден екінші айналымнан бастады. Ол беларуссиялық теннисші Виктория Азаренконың жарысты жалғастыудан бас тартуына байланысты келесі кезеңге өтті. Бірінші сет 6:4 есебімен Азаренконың пайдасына аяқталды. Екінші сетте қазақстандық теннисші есе қайтарды – 6:2. Алайда осыдан кейін Азаренко жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Бұл олардың үшінші бетпе-бет кездесуі. Бұған дейін жеке кездесулерде қазақстандық теннисші 2:0 есебімен алға шыққан болатын.
Елена Рыбакина Дубайда (БАӘ) WTA 1000 турнирінің үшінші айналымында польшалық Магдалена Френхпен өтетін алдағы кездесу туралы пікір білдірді.
«Алдағы матч туралы әлі ойлаған жоқпын. Бірақ оны (Магдалена Френх) танимын. Әрине қиын жекпе-жек болады. Өйткені оның осы маусымда жақсырақ өнер көрсетіп жатқанын білемін. Кездесуге дейін бар күшімді салып, қалпыма келуге тырысамын», — деді Рыбакина БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Айта кетейік, егер Елена ширек финалға өтсе, 215 ұпай мен 72 965 доллар сыйақы алады.