«Титаник Делюкс» стадионында маусым алдындағы «Winter Cup» турнирі сәтті аяқталды. Соңғы 5 күнде Түркияның Белек қаласында отандық футболшылар өзара мықтыны анықтады. Финалда «Ордабасы» ФК «Тобыл» ФК-мен негізгі уақытта 0:0 есебімен тең түсті. Ал тартысқа толы пенальти сериясында 7:6 есебімен шымкенттік команда басым түсті. Осылайша Александр Седнёвтің шәкірттеріне 60 миллион теңге табысталса, қостанайлық клуб 40 миллион теңге алды.
Турнир тек қомақты жүлде қорымен ғана емес, 14 гол соғылуымен, ойыннан кейінгі екі пенальти сериясымен есте қалды. Қолайлы ауа-райы, жақсы стадион және сапалы тікелей эфир отандық футбол тарихындағы алғашқы маусым алдындағы турнирдің сәттілігінің кепілі болды.
Қазақстан әлемдегі ең мықты футбол лигаларының тәжірибесін қабылдап жатыр. Еуропада коммерциялық турнирлер өткізу кең таралған тәжірибе болып табылады. Айта кетейік, турнирде үшінші орынды былтырғы ел чемпионатының қола жүлдегері «Ақтөбе» ФК иеленді. Олар «Елімай» ФК-мен 2:2 есебімен тең түсіп, пенальти сериясында 3:2 есебімен басым түсті.
Жерорта теңізінің жағасындағы үлкен футбол осы демалыс күндері қайта жалғасады. «Winter Cup» турнирінің финалистері Қазақстан Суперкубогы үшін таласады. Ойын 25 ақпан күні Анталияда өтеді.