Бүгін Түркияның Анталия қаласында футболдан Қазақстан Суперкубогының ойыны өтеді. Онда шымкенттік «Ордабасы» мен қостанайлық «Тобыл» кездеседі. Матчтың тікелей трансляциясы Астана уақытымен 18:00-де басталады.
Кезінде жасөспірімдер Еуропа чемпионаты мен көптеген жолдастық кездесулерді қабылдаған стадион маусымның алғашқы ресми жүлде иегерін анықтауға дайын. Маңызды ойын қарсаңында клубтар стадионда жаттығуларын өткізіп, отандық БАҚ-тың сұрақтарына жауап берді. «Тобыл» бапкері Милич Чурчич Белекте өткен алғашқы маусым алдындағы турнирдің финалын еске түсірді. 4 күн бұрынғы додада қостанайлықтар ойын соңындағы пенальти сериясы бойынша «Ордабасыға» есе жіберген еді.
«Біз бір-бірімізді өте жақсы білеміз. 4 күн бұрын ғана ойнадық. Менің командам дайын екеніне сенімдімін. Иә, жаңадан келгендер көп. Бейімделуге уақыт қажет. Бірақ энергия бар, атмосфера жақсы. Біздің мақсатымыз — жақсы футбол көрсетіп, жеңіске жету», — деді Милич Чурчич.
Сонымен қатар «Ордабасы» капитаны Асхат Тағыберген «Тобылға» қарсы ойын алдындағы баспасөз мәлихатына қатысып, матчқа қатысты пікір білдірді.
«Бұл тарихта алғаш рет елден тыс жерде өтетін Суперкубок ойыны. Оның Қазақстанда, жанкүйерлерсіз өтетіні өкінішті. Алайда біз «Астана Арена» жабық екенін білеміз. Бұл екінші ойын болмақ. Маусымды жеңіспен бастағымыз келеді. «Тобылды» құрметтейміз, бірақ қорықпаймыз. Алаңға шығамын ба жоқ па, белгісіз. Бұл бапкердің шешіміне байланысты. Қазір ұлттық құрама туралы ойлап жатырмыз. Бапкер тәуекелге барғысы келмейді. Біздің арманымыз – Грекияны жеңіп, Еуроға шығу», — деді жартылай қорғаушы сұхбат барысында.
Суперкубокты әртүрлі елдерде өткізу көшбасшы лигалар үшін қалыпты үрдіске айналған. «Ордабасы» мен «Тобыл» жыл басынан бері Түркияда оқу-жаттығу жиындарын өткізіп келеді және жаттықтырушылар кеңесі маусым қарсаңында футболшыларын жақсы физикалық қалыпта сақтауға тырысады.