Бүгін Қазақстан Премьер-лигасының жаңа маусымы 13 отандық клубтың қатысуымен басталды. Турнирде «Ақтөбе», «Астана», «Атырау», «Елімай», «Жеңіс», «Жетісу», «Қайрат»,«Қайсар», «Қызылжар», «Ордабасы», «Тобыл», «Тұран» және «Шахтер» клубтары өнер көрсетуде. Ал «Ақсу» Премьер-лигаға ФК қатыспайды. Осы орайда Қазақстан футбол лигасының баспасөз қызметі түсініктеме берді.
Павлодарлық клуб бәсекеде лицензиялау бойынша ең төменгі талаптарға сәйкес келмегені үшін қатысудан шеттетілген «Мақтарал» клубын ауыстырған еді. «Ақсу» ФК-ға рұқсат беру туралы шешім 15 ақпанда Қазақстан футбол федерациясының футбол клубтарын лицензиялау жөніндегі комиссия отырысының қорытындысы бойынша қабылданды. Бұған дейін спорттық қағидатты сақтау мақсатында турнирдің жаңа маусымына қатысу туралы ұсыныс Бірінші лиганың командалары мен өткен жылдың қорытындысы бойынша Премьер-лигада 12-14 орындарға жайғасқан үш клубқа жіберілген еді. «Ақжайық», «Хан Тәңірі», «Арыс», «Түркістан», «Тараз» және «Оқжетпес» клубтары қатысудан бас тартты. Сондай-ақ, «Каспий» ФК-да сәйкессіздіктер анықталды, ал «Қыран» ФК қатысу туралы ұсынысқа жауап бермеді.
Нәтижесінде, өткен маусымның қорытындысы бойынша 14-ші орын алған «Ақсу» ФК лицензиялаудың жеделдетілген рәсімінен өтті. Клубқа 1 сәуірге дейін лицензиялау ережелерінде көрсетілген барлық қағидаттарды сәйкестендіру ұсынылды. Алайда, бір күн бұрын клуб басшылығы QFL-ге қаржылық қиындықтарға байланысты турнирден бас тартатындығын хабарлады.
Кездейсоқ жағдай тіркелсе де, ҚПЛ күнтізбесі өзгеріссіз қалды. Ал «Ақсу» ФК-ның қарсыластарымен жоспарланған матчтары өтпейді. Турнирде 26 тур болады және маусым 2024 жылдың 10 қарашасында аяқталады.