Еліміздің Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин бокстан Олимпиадаға лицензиялық турнир өтіп жатқан Бусто-Арсицио (Италия) қаласына іс-сапармен келді.
2024 жылғы Олимпиада ойындарына іріктеу аясында барлық салмақ дәрежесінде лицензия ойнатылуда. Турнирге ерлер мен әйелдер командалары қатысуда. ҰОК басшысы шешуші жекпе-жектер кезінде қазақ боксшыларына қолдау көрсетеді. Геннадий Головкин үшін бұл Қазақстан Республикасы ҰОК президенті лауазымына сайланғаннан кейінгі алғашқы ресми іс-сапар.
Ал бүгін турнирде Валентина Хальзова жеңіске жетті. Ол Әлемдік лицензиялық турнирді енді бастады. Бірінші айналымды автоматты түрде артқа тастап, доданы 1\8-финалдан бастаған тәжірибелі аруымыз түрік қызы Бусра Исилдармен кездескен. Бұл боксшы қазақстандықтарға жақсы таныс. Кезінде 2022 жылы Әлем чемпионатында біздің басқа боксшымыз Надежда Рябецті жарыс жолынан шығарған. Алайда әлдеқайда тәжірибелі Валентина жекпе-жек басталған сәттен тізгінді қолына алып, қарсыласын аса жақындатпады. Ал өзінің соққыларын дөп тигізумен болды. Енді жерлесімізді ширек финалдық айқас күтіп тұр. Жеңген жағдайда Олимпиада лицензиясын алады.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Италиядағы турнирде Қазақстанның тағы екі өкілі өнер көрсетеді. Сағат 23:45-те 66 келіге дейінгі салмақта Наталья Богданова польшалық Анета Рыгельскамен, сағат 01:15-те ауыр салмақтағы Айбек Оралбай эквадорлық Хулио Сесар Кастильио Торреспен жұдырықтасады.