Ертең, 13 наурызда қазақстандық теннисші Юлия Путинцева (№79) Индиан-Уэллс қаласында (Калифорния, АҚШ) беделді WTA 1000 турнирі — BNP Paribas Open турнирінің ширек финалына шығу үшін әлемнің үздік теннисшісі Ига Швентекпен сынға түседі.
Енді Юлия өз мансабында үшінші рет WTA 1000 санатындағы турнирдің ширек финалына шығуға тырысады. Бұған дейін ол бұл жетістікке 2022 жылы Торонтода, сондай-ақ 2020 жылы Римде (Италия) жеткен болатын. Айырмашылығы сол турнирлерде ширек финалға шығу үшін үш рет жеңіске жету жеткілікті еді, бірақ мұнда оған төртінші рет жеңіске жету керек болады.
Юлияның қарсыласы әлемдік рейтингтің көшбасшысы Швентек болатыны жағдайды қиындатты. 22 жасында польшалық теннисші WTA жекелей сында 18 титулды жеңіп алды (Юлияда екеуі бар). Оның ішінде төрт «Үлкен дулыға» жеңімпазы және жетеуі WTA 1000 жарыстарында. Биылғы жылдың өзінде ол Дохада (Катар) финал Рыбакинаны жеңіп, тағы бір чемпиондық атаққа қол жеткізді.
Путинцева мен Швентектің жолы үшінші рет тоғысады. Алдыңғы екі кездесуде де Ига басымдық танытты. Алдымен 2021 жылы Остравада (Чехия) өткен жарыста Юлияны 6:4, 6:4, дан кейін өткен жылдың басында United Cup турнирінде 6:1, 6:3 есебімен жеңді. Бірақ, Швентектің тамаша бабына, оның беделіне және әлемдік рейтинг кестесіндегі көшбасшылығына қарамастан кез келген спортшының сенсацияға мүмкіндігі бар. Қазір Путинцеваның да бабы жаман емес. Ол ұзақ уақыттан бері алғаш рет ірі турнирде қарқын алып, жеңісті жолын бірнеше матчқа жалғады.
1/4 финалдағы Юлия мен Ига арасындағы кездесудің жеңімпазы Анжелика Кербер (№ 607) мен Каролин Возняцки (№ 204) арасындағы текетірестің жеңімпазына қарсы ойнайды. «Үлкен дулыға» чемпиондары ертең, наурыздың 13-і күні таңертең ойнайды.