Бүгін, 16 наурыз Тайань қаласында (Қытай) таэквондодан Азиялық іріктеу турнирінің соңғы жарыс күні өтіп жатыр.
Лицензиялық турнирде 58 келіге дейінгі салмақта сынға түскен қазақстандық Самирхон Абабакиров Париж Олимпиадасына жолдама жеңіп алды. Ол жартылай финалда филиппиндік Курт Бриан Барбосаны 2:0 есебімен ұтты. Осылайша, 20 жастағы спортшы өзінің алғашқы Олимпиадасына барады. Іріктеуде Абабакиров Қырғызстан мен Таиланд спортшыларын да жеңді.
Өкінішке қарай, қазақстандық таеквондошы Жансель Дениз іріктеуден өте алмады. Ол 67 келіге дейінгі салмақтағы жартылай финалда тәжікстандық Мунира Абдусоломоваға есе жіберді.
Айта кетейік, бұған дейін таэквондодан Батырхан Төлеуғали Олимпиада жолдамасын жеңіп алған болатын. Ол ерлер арасында 80 келіге дейінгі салмақта жартылай финалда Сауд Арабиясының өкілі Әли-Мабрук-әл-Мабрукты жеңді. Нәтижесінде 17 жастағы қазақстандық спортшы өзінің тұңғыш Олимпиадасына жолдама алды. Батырхан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, Спартакиада чемпионы.
Осылайша, таэквондодан Қазақстан құрамасы Париждегі Олимпиада ойындарына екі жолдама жеңіп алды.