Miami Open турнирінің жүлде қоры 8 млн 995 мың 555 АҚШ долларын құрайды.
Әлемнің төртінші ракеткасы Елена Рыбакинаның Майамиде (АҚШ) өтіп жатқан WTA 1000 турниріндегі алғашқы қарсыласы белгілі болды. Рыбакина бірінші кезеңге қатыспай-ақ, екінші айналымда турнирді америкалық Кэролайн Долехидті (№50) жеңумен бастаған даниялық Клара Таусонмен кездеседі — 6:3, 3:6, 6: 2. 1/32 финал аясында Таусон — Рыбакина кездесуі 22 наурызға жоспарланған.
Майами турнирі аяқтала салысымен еліміздің бірінші ракеткасы Германияға жол тартады. Штутгарттағы (Германия) WTA турнирінің ұйымдастырушылары қатысушылардың тізімін жариялады. Тізімде Елена Рыбакина да бар (WTA рейтингінде 4-орын). Ол жарыстың 4-ші ракеткасы болып тіркелді. Турнирге Рыбакинаның негізгі қарсыластары да қатысады: польшалық Ига Швентек (1-орын), беларусь Арина Соболенко (2-орын) және америкалық Кори Гауфф (3-орын). Штутгарттағы турнир 15-21 сәуір аралығында өтеді.
Айта кетейік, Юлия Путинцева Майамидегі турнирдің екінші айналымына шықты. Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 74-орында тұрған испаниялық Кристина Бучамен сәтті өткізді. Бірінші партияда Путинцева 6:2 есебімен басым түссе, екіншісінде Буча есе қайтарды — 6:3. Үшінші, шешуші сетте Юлия 6:4 есебімен жеңіске жетіп, екінші айналымға жолдама алды.
Юлия Путинцева үшінші айналымға өту үшін 22-наурыз күні 1/32 финал аясында әлемнің 15-ракеткасы, ресейлік Людмила Самсоновамен кездеседі.
Биылғы турнирдің жалпы жүлде қоры 8 млн 995 мың 555 АҚШ долларын құрайды. Турнир жеңімпазы 1 100 000 доллармен қатар 1 000 рейтингтік ұпай алады. Ал қалған сыйақы мен ұпайларды бөлу реті келесідей: финал – 585 000 доллар және 650 ұпай, жартылай финал – 325 000 доллары және 390 ұпай, ширек финал — 185 000 АҚШ доллары және 215 ұпай, 1/8 финал – 101 000 АҚШ доллары және 120 ұпай, үшінші кезең — 59 100 доллар және 65 ұпай, екінші кезең — 34 500 доллар және 35 ұпай, бірінші раунд — 23 250 доллар және 10 ұпай.