Еуро-2024 додасының жартылай финалдық плей-офф матчтарының қорытындысы бойынша үш финалдық жұп анықталды. Енді турнирге соңғы жолдамалардың тағдыры сейсенбі, 26 наурызда шешіледі.
Осылайша, А тобында Уэльс пен Польша құрамалары финалға шықты. Уэльс Финляндия құрамасын 4:1 есебімен жеңсе, поляктар Эстонияға еш мүмкіндік қалдырмады – 5:1. Енді Польша Уэльс құрамасының алаңында ойнайды.
В тобында финал Украина мен Исландия құрамалары арасында өтеді. Онда алаң иелері Украина құрамасы болады. Олардың командасы Босния мен Герцеговинадан жеңісті жұлып әкетті. Украина матчтың соңғы минуттарында жігерлі жеңіске жетті – 2:1. Исландиялықтар Израильді тізе бүктірді – 4:1.
Ал С тобында Грузия мен Грекия құрамалары Еуро-2024 жолдамасын сарапқа салады. Екі команда да жартылай финалды өз алаңында өткізді. Грузия құрамасы Люксембургті 2:0, гректер Қазақстанды 5:0 есебімен ұтты. Енді жеңімпаздар 26 наурызда Тбилисиде (Грузия) кездеседі.
Бұған дейін бұл алты команданың ішінде тек Грузия құрамасы ғана Еуропа чемпионатына қатыспаған. Құрлық біріншілігінде исландиялықтар бір рет, Уэльс – екі (олар 2016 жылы үшінші орын алған), украиналықтар – үш, поляктар – төрт, гректер – төрт рет (2004 жылы чемпион атанды) өнер көрсеткен.
Естеріңізге сала кетейік, Еуро-2024 додасы Германияда 2024 жылдың 14 маусымы мен 14 шілдесі аралығында өтеді.