Қазақстанның үздік теннисшісі Елена Рыбакина Майамиде (Флорида, АҚШ) өтіп жатқан беделді WTA 1000 Miami Open турнирінің үшінші кезеңіне шықты. Оның қарсыласы Клара Таусон болды.
Бірінші сет Таусонның пайдасына аяқталды – 6:3. Қалған екеуінде Рыбакина мықтырақ болды – 7:5, 6:4. Кездесу екі сағат 26 минутқа созылды. Рыбакинада бес эйс жасап, бес қос қателік жіберді. Сондай-ақ 12 брейк-пойнттың бесеуін орындады.
Үшінші айналымда Рыбакина турнир барысында итальялық Люсия Бронзетти мен бельгиялық Элиза Мертенсті жеңген америкалық Тэйлор Таунсендпен ойнайды.
Сондай-ақ әлемнің 68-ші ракеткасы қазақстандық Юлия Путинцева аталмыш турнирдің үшінші айналымға өтті. Оның екінші айналымдағы қарсыласы әлемнің 15-ші ракеткасы ресейлік Людмила Самсонова болды.
29 жастағы Путинцева мен 25 жастағы Самсонова арасындағы кездесу үш сетте – 6:1, 4:6, 6:3 есебімен қазақстандық теннисшінің жеңісімен аяқталды. Ойын екі сағат 23 минутқа созылды.
Бұл Юлия мен Людмила арасындағы алғашқы бетпе-бет кездесу болды. Енді Путинцева 1/8 финалға шығу үшін бельгиялық Грет Минненмен сынға түседі. Қазақстандық теннисші онымен бұрын-соңды ойнамаған.
Бір қызығы, 26 жастағы Миннен іріктеу кезеңінде жеңіліп қалған. Бірақ, Әлемнің 18-ракеткасы Барбора Крейчикова турнирге қатысудан бас тартқандықтан, Гретке екінші мүмкіндік берілді. Миннен екінші мүмкіндік алып қана қоймай, бірден екінші кезеңде өнер көрсетуі тиіс теннисшінің орнынан табылды. 2-айналымда ол украиналық Леся Цуренконы 7:5, 6:1 есебімен ұтты.